Бүгінгі таңда облыс халқының жалпы саны 720 615 адамды құрайды. Оның ішінде 141 мыңнан астамы зейнеткер, 30 мыңға жуығы мүгедектігі бар азаматтар. Жұмыссыздық деңгейі - 4,6%. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте салалық басқарма басшысының орынбасары Әсел Түлепова мәлімдеді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау жүйесіне тың өзгерістер енгізілуде. Сала мамандарының біліктілігін арттыру, азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары қарқынды іске асырылуда.

Өңірде әлеуметтік салада тың өзгерістер іске асырылуда. Бұл бағытта аймақта 51 ұйым жұмыс істейді. Онда 3,2 мыңнан астам білікті маман халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында еңбек етіп келеді. Әлеуметтік кодексті іске асыру, мемлекеттік қолдау аясын кеңейту, сала мамандарының мәртебесін арттыруға бағытталған тың бастамалар да енгізілуде.

Әсел Түлепова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

2025 жылы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Облыс бойынша 714 маманның 214-і сынақтан сәтті өтіп, кәсіби біліктілік сертификатына ие болды. Бұл – әлеуметтік қызметтің қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Жыл басынан елде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне өзгерістер енгізілген болатын. Осыған орай, аймақтағы мекемелерді автоматтандыру және лицензиялау жұмыстары қарқын алды. Қазір өңірде 36 ұйым жұмыс істейді, оның 9-ы – үкіметтік емес, 27-сі – мемлекеттік мекемелер.

Әсел Түлепова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

Облыстағы 10 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2014 қызмет алушыға күтім көрсетілуде. Бұл мақсатқа 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.Сондай-ақ, азаматтардың денсаулығын нығайту мен оңалтуды қамтамасыз ету де басты назарда. Жыл басынан бері «Уба» шипажайында 3 866 адам демалып, ем қабылдады, олардың 3 488-і – зейнеткерлер. Ал Грехово ауылындағы оңалту орталығы 788 тұрғынға қолдау көрсетті.

Ал, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары 3 082 азаматқа, оның ішінде 178 балаға қызмет көрсеткен. Сонымен қатар, 6 үкіметтік емес ұйым 248 млн. теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырып, қосымша 383 тұрғынға қызмет көрсеткен.

Сәния Әубәкірова, Өскемен қ. әкімдігінің «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығының директоры:

Біздің орталықта 270-тен астам маман бар. Олар күн сайын мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетеді. Ал ерекше балаларға арналған күндізгі бөлімде 160 бала қамтылған. Мұнда логопед, дефектолог, психолог және әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Балаларға арналған арт-терапия, АВА-терапия, сенсорлық интеграция, ерте дамыту және оңалту кабинеттері тегін қызмет көрсетеді. Қаржыландыру мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылады. Бұл — әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба.

Аймақта мүгедектігі бар азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде 30 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Биыл осы санаттағы тұрғындарды оңалту, қажетті құралдармен, әлеуметтік қызметпен қамту үшін 4 млрд. теңге бағытталды.

Қарақат Жақсылыққызы, Қуаныш Амантайұлы