Алтай ауданының тумасы, соғыс ардагері Петр Оконечниковтің сүйегі 80 жылдан кейін туған жеріне жерленді. 1943 жылы қаза тапқан батырдың сүйегі Ресейден табылған. Ерліктің белгісін мәңгілік есте қалдыру мақсатында туыстары мен әскери қызметшілердің қатысуымен арнайы рәсім ұйымдастырылды.

Алсиб әуе дәлізі арқылы майдан жылдары жауынгерлік ұшақтар тасымалданған. Кезекті ұшу кезінде «Дуглас» Си-47 ұшағы 1943 жылдың 28 тамызында апатқа ұшырап, экипаж мүшелері қаза табады. Сол ұшақта Петр Оконечников бортрадист болып қызмет атқарған. Араға 80 жыл салып оның сүйегі Ресейдің Чукотка аймағынан табылып, Қазақстанға жеткізілді. Бұдан бөлек оның комсомол билеті мен ұшу карталары табылды.

Петр Оконечниковтің сүйегі Алтай қаласындағы орыс зиратына жерленді. Рәсімге әскери бөлімшелер мен қоғамдық ұйымдар, Алтай ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.