Биыл – Жеңістің 80 жылдығы. Бұл мерейлі күн – ата-бабаларымыздың ерліктерін ұлықтап, олардың батырлық жолын келешек ұрпаққа жеткізудің жарқын белгісі. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті аумағында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.

Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл монумент бейбіт өмірдің бағасын жете түсініп, жанын шүберекке түйген батыр бабалар рухына тағзымның нышаны. Салтанатты шараға ҚР ҰҚК ШҚО бойынша департаментінің жеке құрамы, ардагерлер, сондай-ақ мемлекеттік атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Салтанатты жиында ҚР ҰҚК ШҚО бойынша департаментінің бастығы Кокумбаев Ринат Төлеуханұлы сөз сөйледі. Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күнінің маңызын атап өтті.

Шара соңында дәстүрге сай ас берілді. Қатысушылар әскери ботқадан дәм татып, бір сәтке майдан рухын сезінді.