«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалпыұлттық сипатқа ие. Президент бастамасымен іске асқан шара межелі уақытынан асса да бүгінге дейін жұмысын тоқтатқан жоқ. Әсіресе, жастардың құлшынысы мақтауға тұрарлық. Өскемендік жастар бүгін ғана Ұлан ауданының орталығына барып, мәдени орында тазалық жұмысын ұйымдастырды.
Игі шараға атсалысамын дегендердің қатары артпаса, кеміген жоқ. Соның ішінде студенттердің белсенділігі жоғары. С.Аманжолов атындағы ШҚУ волонтерлары аудан орталығына келіп, мәдени нысанда сенбілік өткізді. Акцияның бастамашысы болған Ұлан ауданының әкімдігі бұл жолы сенбілік өткізуге айрықша орынды таңдаған. Жалпы, аудан азаматтары тек көшелер мен саябақтар, аулаларды ғана тазалап қоймай, демалыс орындарына да аса мән береді.
«Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген халық ұстанымы бұл жолғы сенбіліктің де басты қағидаты болды. Берекелі бастама жалғасын тауып бірнеше түп шырша көшеттері отырғызылды. Жалпы, бүгін ауданда өткен екі сенбілік арқасында 330 түп көшет егілді. Оның 70-і шырша, 160-ы қайың, 100-і шетен көшеттері. Сенбілікке келген еріктілер Отанды түлету, көркіне көрік қосу – азаматтық парыз екенін айтады.
Сенбілік өткен алаң бекер таңдап алынған жоқ. Ертең Қасым Қайсенов кентінде осы Батырлар аллеясының ашылу салтанаты өтеді. Игі шарадан ол ғана емес, кентте көрінікті үйлердің біріне даңқты жерлес батыр – Қасым Қайсеновтің муралы салынған.