Облыс әкімі Ермек Көшербаев қалалық №24 орта мектепке барып, оқушылармен жүздесті. Бұл кездесуге түрткі болған үшінші сынып оқушысының облыс әкіміне жазған хаты. Мектеп оқушысы Айзере Шыңғысқызы әкімге жүрекжарды хатын жіберіп, онымен естелік суретке түсуді қалайтынын айтқан. Бір бүлдіршіннің ақ тілегі жүздеген балаға қуаныш сыйлады.
Айзере Шыңғысқызы оқу озаты ғана емес, киокушинкай каратэ мен би жарыстарының жеңімпазы, зияткерлік олимпиадалардың жүлдегері. Айзере облыс әкіміне хатты анасының көмегі арқылы жолдаған. Әкімге айтар сауалдарын бетпе-бет айтқысы келген ол көңілдегі қуанышын жасыра алмады.
Бұл мектептегі оқушылардың білім бәйгелеріндегі бәсі жоғары. Балалар түрлі олимпиадалар, ғылыми жобалар мен мәдени, шығармашылық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп келеді. Мектеп оқушыларының мектеп залдарын жаңарту және спорт алаңдарын салып беру сынды түрлі өтініштеріне, тосыннан қойылған сұрақтарға аймақ басшысы толымды жауап қатты. Ермек Көшербаев оқушыларға оқуда озат болуларын тілеп, әр істе табанды болуға шақырды.
Кездесу соңында оқушылар мен мектеп ұжымы естелік суретке түсіп, облыс әкіміне алғыстарын білдірді.
Бұл мектепте қазіргі уақытта мың жарымдай оқушы екі ауысымда білім алса, оларға білім беретін 111 педагог бар. Мектепте соңғы үш жылдан бері кадет сыныптары да жұмыс істеп тұр.
Қазір оқушылардың жан-жақты дағдыларын дамыту мақсатында «мектеп-қосымша білім беру орталығы» мәртебесін алуға ниет білдіруде.