Бүгінде таушаңғысы мен сноуборд тебу танымалдылыққа ие. Бұл спортты кез келген адам меңгере алмайды. Себебі, оған тек тау беткейлерінде ғана қалыптастыруға болатын базалық дағдылар қажет. Осы орайда Өскеменде жыл бойы тауға бармай-ақ шаңғы мен сноуборд тебуді үйрететін орталық ашылды.
Жаңа, бірегей тау шаңғы тренажерының арқасында сноуборд пен шаңғыда сенімді тұруды кез келген адам үйрене алады. Оның басты ерекшелігі – жаттығудың таулы жерге барынша ұқсас болуы. Тренажерды тау шаңғысын енді үйренбек әуесқойлар да, тәжірибелі спортшылар мен кәсіби мамандар да пайдалана алады.
Шығыс Қазақстан – қысқы спорт түрлерін дамытуға ең қолайлы өңірлердің бірі. Бұл жерде әлі күнге дейін әлемдік жарыстарда биік белестерді бағындырып жүрген мықты спортшылар тәрбиеленді. Жаттықтырушылардың тәжірибесі мол, ал олардың ізін басып келе жатқан жас шаңғышылардың да қарасы қалың.
Бұқаралық дене шынықтыру мен спорттың дамуы жастардың денсаулығын нығайтып, олардың белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Бұл – болашақта мықты ұлт қалыптастырудың негізі.