Өскеменде табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын жас буын бас қосты. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған шарада студенттер экологиялық мәселелерді талқылап, қоршаған ортаны сақтауға арналған жаңа бастамаларды көтерді.

Кездесуде «Қоғамды экологиялық дамыту орталығының» жетекшісі Танир Ясса экологияны қорғаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, қазіргі заман жастары тек білім алып қана қоймай, табиғатты сақтауға бағытталған нақты әрекеттерге көшуі тиіс. Экологиялық мәдениет тек қоршаған ортаға қамқорлықты арттырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілік сезімін де нығайтады.

Көпшіліктің назарын аударған шара барысында табиғат қорғау туралы қысқа фильм көрсетіліп, өңірдегі экологиялық жобалар таныстырылды. Студенттер өз идеяларымен бөлісіп, болашақта өтетін экологиялық акцияларға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың жастарға тек экологиялық білім беріп қана қоймай, оларды жауапты әрі белсенді азамат болуға тәрбиелейтініне сенімді.