«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі». Шаңырақтың берекесін арттырып, көптің көзайымы болып жүрген үлгілі отбасылар Өскеменде жиналды. Сан салада қызмет атқарып, ортада сыйлы жанұя атанғандар көп. Оларды халыққа таныту – игі іс. «Отан отбасынан басталады» форумының мақсаты да сол.

 «Жанұя мен неке құндылықтарын насихаттау, жас отбасылардың мәртебесін көтеру, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп, салт-дәстүрді дәріптеу» - шара ұйымдастырушыларының көздегені. Осы форум аясында «Қазақстан отбасы - 2024» облыстық байқауының қорытындысы шығарылды. «Еңбеккерлер династиясы», «Күміс, Алтын, Гауһар той иелері», «Ең жас көпбалалы отбасы» сияқты бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

 «Қазақстан отбасы» байқауы өңірде өткізіліп келе жатқанына 13 жыл болды. Жыл сайын қатысуға өтініш бергендер қатары артып келеді. Үлгілі, өнегелі отбасылардың бірі Құсайыновтар әулеті. Самарлық отбасының отау көтергендеріне 50 жылдан асқан.

Ал, санитарлық авиацияның шеф-пилоты Денис Грунский ақпан айында өз командасымен бірнеше құтқару операциясында көзге түсті. Ондаған адамды аман-сау қар құрсауынан шығарды. Ерлік пен жанкештілікті талап ететін бұл мамандықты ата-анасының арқасында таңдаған. Үй үлкендері бала күнінен бойына тек жақсыны сіңірген.

Риддер қаласынан келген Дәрменбаевтар отбасы «Гауһар той иелері», Тарбағатайдан келген Ысқақовтар отбасы «Күміс той иелері» номинацияларында жеңімпаз атанды. Ал, күршімдік Әбдешевтер отбасы «Мейірімді жүрек» номинациясын жеңсе, глубокоелық Қазиевтар жанұясы «Еңбеккерлер династиясы» аталымы бойынша үздік шықты. «Ең жас көпбалалы отбасы» атанған зайсандық Сайланбек Ахыметбек пен Гүлқайнар Әбілғазы болды.