Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде облыс әкімдігі тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын, оның ішінде үш жылу электр орталығы, отыз үш аудандық және 201 автономды қазандықтарды дайындау жөніндегі жоспарды әзірлеген. Бұл туралы облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов баспасөз жиынында мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл жылу, кәріз жүйелеріне 20 млрд. теңгеден аса қаржы көзделген.

Жоспарланған қаржы 1017 шақырым жылу желілерін, 5000 шақырым су құбыры мен кәріз желілерін, 652 шақырым электр беру желілерін дайындауға қарастырылған. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес Өскеменде «2-ЖЭО» құрылысын іске асыру жоспарлануда. Бұл жылу қуатының тапшылығын жоюға және қаланы дамыту үшін қажетті резервті құруға мүмкіндік береді. Жылу қуатына деген қажеттілік 1 232 Гкал/сағ құрайды. Басқарма басшысы Өскемен мен Риддердегі энергия орталықтарын жөндеуге де тоқталды.

Аймақтағы газбен жабдықтау жайы да сөз болды. Қазіргі уақытта облыстың табиғи газға деген қажеттілігін қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Президент тапсырмасымен облысты Ресей арқылы газдандыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Энергетикалық шаруашылықты дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл 700 шақырымдай электр беру желілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Ал, сумен қамтуда жалпы құны 17,2 млрд. теңге болатын 18 жобаны іске қосу жоспарланған.