Қазақстан каратэ спортынан Әлемдегі көшбасшылардың бірі. Елдің кимоно киген кіл мықтылары Азия, Әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілмей қалған емес. Спортшылардың бұлайша атой салуына аймақтардағы осы салаға деген қолдау мол әсер етеді. Оған облыс орталығында өткен «Шығыс аймақтың» республикалық ашық чемпионаты дәлел. Ауқымды жарысқа он команда қатысты.

Абай, Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Шемонаихадан бөлек облыстағы каратэ клубтарының командалары мен Ресейден арнайы келген Кемерово қаласының құрамасы бақ сынады. Жарысты ұйымдастырушы каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Илья Яковлев. Татами үстінде үш жүзге жуық өрен тартысқа түсті. Үздік шыққандар ары қарай ел чемпионатына іріктеледі.

Турнир балалар, жасөспірімдер, жастар санаттарында өтті. Қатысушылар жас мөлшері алты жастан бастап он сегіз жасқа дейін. Каратэ дене күшін ғана емес, мықты рухты талап етеді. Бүгінде бұл өнермен айналысатындар саны артқан. Соның ішінде облыстың жасөспірімдер арасындағы мақтанышы Ислам Адайбек. Өңір мықтылары үміт артып отырған өреннің мақсаты да айқын.

Отандық каратэ спортының қайнары – Өскемен қаласы. Сондықтан, аймақтық кезеңнің өзінен суырылып шығу – көп жастар үшін үлкен жетістік.