Балуандар белдесті. Жекпе-жек сарайында дзюдодан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Жарыс ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанаділ Атаевтың жүлдесіне арналды. Бақ сынаған балуандар 50 келіден 90 келі салмақ дәрежесіне дейінгі аралықта күресті.
Жанаділ Атаев – күресте талай тарланның бағын ашып, баптаған жан. Дзюдодан еңбек сіңірген бапкер. Оның өрендері Әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында бақ сынады. 120-дан аса Қазақстан ғана емес, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін даярлады. Оған қоса, олимпиада ойындарының тұңғыш жүлдегері Айдын Смағұловты жарыс жолына баптаған. Бүгінде оның жолын ұлы Алмас Атаев жалғап келеді. Бапкердің ізін басқан барша шәкірттері жарыстың ауқымдылығын атап өтіп, еңбегін еске алды.
Танымал спортшылардың қатарында құрметті қонақ болып, қолдау білдіріп дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Максим Раков те келді.
Жарыс тартысты, бәсекеге толы өтті. Спортшылар қарсыластарына жоғары баға беріп, лайықты дайындықпен келгендерін айтады.
Ұйымдастырушылар жарысты жоғары деңгейде өткізді, дейді шара қонақтары. Турнир соңында жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен медальдары табысталды.