Қарттарға құрмет көрсетілді
Өскеменде Халықаралық қарттар күні аталып өтті. Аға буын өкілдеріне арналған мерекелік концертке еңбек ардагерлері, зейнеткерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Облыстық филармония ғимаратына ұзақ жылдар бойы өңірдің игілігі үшін еңбек еткен жандар — ардагерлер, зейнеткерлер және аға буын өкілдері жиналды. Сахна төрінде оларға жүрекжарды құттықтаулар айтылып, әндер шырқалды. Мерекелік кеште шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетіп, шараның ажарын аша түсті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагерлерді мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Саналы ғұмырларыңызды ел игілігіне арнап, қажырлы еңбектеріңізбен мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне аянбай қызмет жасадыңыздар. Сіздердің бай өмірлік тәжірибелеріңіз, парасат-пайымдарыңыз, өмір жолдарыңыз кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Аға буынға құрмет көрсету, еңбегін бағалау және қамқорлық таныту бұл біздің халқымыздың ғасырлардан келе жатқан асыл дәстүрі. Бұл ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ізгі қасиеттеріміздің бірі де бірегейі.
Сондай-ақ өңір басшысы облыстың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Залға өмір жолы табандылықтың, еңбектің және даналықтың үлгісі болған жандар жиналды. Көпшілік үшін бұл жай ғана концерт емес, көптен күткен жүздесу, өзара әңгімелесіп, қамқорлықты сезінуге мүмкіндік берген ерекше кеш болды.
Манарбек Бошақов, Зайсан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Зайсан ауданында 6000 асам ардагер, зейнеткер бар. Оның ішінде Зайсан қаласында 4000 аса Зайсан қаласында тұрады. Қаізргі жағдайда ардагерлердің жағдайы уақытында зейнетақысын алып отыр. Басқа да жағдайларда көмектесіп отыр. Арнайы енді біздерде шипажайларға кезек кезегімен демалуға жіберіледі.
Халықаралық қарттар күні айтылған жылы лебіздер мен шынайы алғыс сөздер — мерекеге қатысқан әрбір жан үшін ең үлкен марапат.
Салтанат Кеңесбекқызы