Коммуналдық қызмет тарифтеріне мониторинг күшейтілді
Өңірде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне бақылау күшейтілді. Тарифтердің нақтылығы, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және тұтынушылардың құқықтарының сақталуы назарда. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұтынушыларға 297 миллион теңге қайтару жоспарланып отыр.
Коммуналдық қызмет ақысы – тұрғындардың қалтасына тікелей әсер ететін мәселе. Облыста бұл бағыттағы жұмыстарды Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңір бойынша департаменті жүргізеді. Мамандар тұрғындар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, тарифтердің негізділігіне, инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалуына мониторинг жасайды. Биылғы бақылау жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі – жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұтынушыларға қаражатты қайта есептеу.
Қуат Мұстапин, ШҚО Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
Табиғи монополия субъектілерінің қызметтеріне 3 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Сонымен қатар, 35 әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде жалпы сомасы 41 миллион теңгені құрайтын айыппұл салынды. Бүгінгі күнге дейін мемлекет пайдасына 10 миллион теңге өндірілді. Есепті кезеңде департаментке 97 өтініш келіп түсті. Олардың барлығы қаралып, тиісті жауаптар берілді.
Ал, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі міндеті – инженерлік желілердің сенімділігін арттырып, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту. Өйткені, тариф мәселесі тек төлем көлемімен шектелмейді. Оның артында жылу, су, электр энергиясы секілді қызметтердің үздіксіз әрі сапалы қызмет көрсетуі тұр.
Қуат Мұстапин, ШҚО Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
Айта кету керек, бүгінгі таңда ұлттық жобаны іске асыру барысында жеке тұлғалар үшін тариф өзгерген жоқ. Яғни, 4 264 теңге шамасында бекітілген тариф көлемі сақталды. Ал басқа тұлғалар үшін тарифтің өсуі 10 пайызды, бюджет ұйымдары үшін 9 пайызды құрады.
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға да қолдау қарастырылған. Аз қамтылған отбасылар коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін тұрғын үй көмегіне жүгіне алады. Мамандардың айтуынша, тарифтік саясаттың мақсаты – табиғи монополия субъектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ете отырып, тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін сақтау.
Фатима Тілейханқызы