Негізгі Жаңалықтар Музейдегі шығармашылық кеш

Музейдегі шығармашылық кеш

Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Музейдегі шығармашылық кеш: күз эстетикасы» атты шара өтті. Оқушылар өңірдегі сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өткізген шеберлік сабақтарына қатысты. Балалар шығармашылықтың түрлі бағыттарымен танысып, әртүрлі материалдар мен тәсілдерді пайдалана отырып, сәндік бұйымдарды өз қолдарымен жасауды үйренді.

Оқушыларға бірден үш шебер шеберлік сабағын өткізді. Балалар түстерді, материалдар мен бөлшектерді өздері таңдап, жеке бұйымдарын жасады. Сол шеберлердің бірі – Марина Иванова. Бірнеше жыл бұрын ол 3D-принтермен жұмыс істей бастаған. Бүгінде оның шығармашылығында заманауи технологиялар дәстүрлі қол еңбегімен үйлесім тапқан. Принтерде басып шығарылған негіз қолдан жасалған бұйымның бір бөлігіне айналады.

Марина Иванова, сәндік-қолданбалы өнер шебері:

Алдымен бұйымның дизайны әзірленеді: оның суреті салынып, кейін сынақ нұсқасы басып шығарылады. Осы кезеңде біз оның артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап, нені өзгерту немесе қосу қажет екенін қарастырамыз. Содан кейін қайтадан басып шығарамыз. Қолданылатын пластиктің түріне қарай принтердің параметрлері де өзгереді: температурасы, адгезиясы, басып шығару жылдамдығы және басқа да көптеген көрсеткіштері бар. Бүгін біз модификацияланған жүгері крахмалын пайдаланып отырмыз. Балалардың қолындағы пластиктің 92–95 пайызы крахмалдан тұрады. 

Шеберлердің айтуынша, 3D-басып шығаруға қолданылатын бұл пластик қауіпсіз материалдардың қатарына жатады. Қазір 3D-технологиялар бағыты белсенді дамып, жаңа материалдар мен шығармашылық мүмкіндіктер пайда болуда. Шара барысында бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерді насихаттауға, сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілеті мен эстетикалық талғамын дамытуға басымдық берілді.

Есенбол Нақтыбайұлы, Шығыс Қазақстан өнер музейі директорының орынбасары:

Күздің күрең шағында біздің музейімізде жақсы шара өтіп жатыр. Өнер музейі бейнелеу өнері музейі болғандықтан осы бізде өнерге қатысты көптеген шара өтеді. Соның ішінде осы қолөнерге қатысты шеберлік сабағы өтіп жатыр. Қолөнер бұл бабадан келе жатқан ұлы өнер болғандықтан, жас ұрпақ қазіргі уақытта мынау телефонмен әлемдік желіде көп отыратындықтан Қолөнер, еңбек, физикалық адамның дене қиымылы ақсаған уақытта қазіргі жас ұрпаққа бұл қолөнердің берер маңызы өте орасан. 

Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің оқушылары да шеберлік сабақтарына қызығушылықпен қатысты. Балалар өз қолдарымен бұйымдар жасап, қажетті бөлшектерді таңдап, оларды дизайны мен стиліне қарай үйлестірді.

Дильназ Сабитова, оқушы:

Біз осы музейге келіп, бізге қолөнерді үйретті, осындай брелоктарды жасауға бұл енді баланың маторикасына мышление дейдіғой сондайға бізге өте қатты көмектеседі. Жәнеде осындай әдемі дизайндармен моншақтармен, лағылдармен әдемі брелоктарды істеп отырмыз. 

Шеберлік сабақтарының соңында оқушылар өз қолдарымен жасаған дайын бұйымдарын алып қайтты. Балалар мұнда жүнді басып, жұмсақ ойыншықтар тігуді де үйренді. Алған білімдері мен дағдылары алдағы уақытта осындай бұйымдарды өз беттерінше жасауға мүмкіндік береді.

Бөлісу