Негізгі Жаңалықтар Өңір туризмін дамыту

Өңір туризмін дамыту

Туризмді дамыту – ел экономикасын әртараптандырып, өңірлердің әлеуетін арттыратын маңызды бағыттардың бірі. Қазақстанның табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға кең мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің әр аймағында саяхатшыларға қолайлы жағдай қалыптастырып, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық беріліп келеді. Бұл бағытта Шығыс Қазақстанның алар орыны да ерекше. Өңірдің туристтік әлеуеті жайлы келесі бейнематериалда. 

Табиғаты тұмса, тарихы терең Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары. Асқар тауы мен айдынды көлдері, өзендері мен тарихи-археологиялық нысандары өңірге келген саяхатшыларға сан түрлі бағыт ұсынады. Солардың бірі – Ұлан ауданындағы Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені. Көне мекеннің тарихына қызығушылық танытқан туристермен қатар, мұнда шетелдік ғалымдар да арнайы ат басын бұрады.

Альфия Бақбаева, Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары:

Біз жыл сайын жаз маусымы мен күз уақытына дейін, күн суытқанға дейін арнайы афишалар жасап, мектептерді аралап, шақырамыз. Мектеп оқушылары келеді. Әсіресе жаз кезінде туристтеріміз келеді. Сол кезде автобус жалдап отырып осы жерге алып келеміз Ақбауырға. Одан кейін оларға да өте қызық ақбауырдың тарихы. 

Ақбауырдың тартымдылығы оның тарихи мұрасымен ғана өлшенбейді. Қасиетті мекенге көне дәуірдің құпиясын тануға ғана емес, табиғат аясында тынығып, рухани серпіліс алуға ниетті жандар да келеді. Сондықтан мұнда туристік маусыммен шектелмей, жылдың әр мезгілінде келушілерді кездестіруге болады.

Заманбек Рамазанов, «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешенінің күзетшісі:

Шет елдік азаматтар келді биыл да. Германиядан екі кісі Франциядан келді. Геологтар екен. Мына жерде беседкада отырып, дам алып, көп кісілер келеді. Қыстың күні де келеді осы жерге дем алып осы жердегі беседкаға. Көбінесе кей кісілер келгенде әрен келіп едім жақсы болып қалдым деп. 

Қазіргі таңда эко туризмге де сұраныс артып келеді. Табиғатты тамашалап қана қоймай, таза ауада серуендеу, отбасымен уақыт өткізу, ұлттық ойындар мен ат спортына қатысу – туристік бағыттың мазмұнын кеңейтіп отыр. Шығыс Қазақстанда бұл мүмкіндіктерді жергілікті тұрғындар да тиімді пайдалана бастаған.

Талғат Сайфуллин, Өскемен қаласының тұрғыны:

Қаладан келіп тұрамыз ылдғи. Жақсы өзімізге ұнайды. Үнемі келіп тұрамыз отбасымызбен. Балаларды алып келемін, немерелерімді алып келемін арасында. 

Назар Арсен, мектеп оқушысы:

Бізді сыныптастарымыз ден ата-аналарымызбен осы жерге алып келді. Осы жерде атқа отырып, алтыбақанда отырдық, Сосын садақ аттық. Эмоция жақсы күшті екен бәрі ұнады қатты. 

Шығыс Қазақстанда қарқын алған бағыттың бірі – экотуризм. Табиғат аясында тынығып, таза ауамен тыныстау, отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік беретін демалыс орындарыға да сұраныс жоғары. Ұлттық ойындар мен атпен серуендеу секілді дәстүрлі демалыс түрлерінің қатар ұсынылуы бұл бағыттың аясын одан әрі кеңейтіп отыр. 

Санжар Әлібек, кәсіпкер:

Осы мамыр айынан осы уақытқа дейін 50 жуық туристтер келді шет елдерден. 5 мыңға жуық адамдар келіп осы этно ауылға келіп дем алды. Осы жастар шет елдіктер атпен серуендеуге қызығушылдықтарын танытып жатыр. Шығыс Қазақстанда енді басталып жатыр мұндай демалыс орындары, Астана Алматы жақта көп кездесеті сол жақөтардан қарап біз де салып бастаған жайымыз бар. 

Ақбауыр мен Алмасай – Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін танытатын бағыттардың бірі. Еліміздің табиғаты көркем өзге өңірлерінде де туризмді дамытуға арналған жобалар қолға алынуда. Алматы маңындағы Көкжайлау секілді көрікті мекендердің туристік мүмкіндігін тиімді пайдалану – табиғи байлықты ел игілігіне жаратуға жол ашады. Осындай бастамалардың көбеюі Қазақстанның туристік картасын кеңейтіп, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына жаңа серпін береді.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу