Әділет органдары қызметкерлерінің күні
30 қыркүйек – ҚР Әділет органдары қызметкерлерінің күні. Мемлекеттік қызмет көрсету, құқықтық кеңес беру және азаматтардың өтінішін қарау сынды жұмыстардың артында осы сала мамандарының еңбегі тұр. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаменті мамандары күн сайын заңнама талаптарын түсіндіріп, заңгерлік қауымдастықтың қызметін бақылап, азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаменті бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Солардың бірі – тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл бағытқа Раушан Нұрсадықова жетекшілік етеді. Салада мол тәжірибесі бар маман нотариустардың, адвокаттар мен заң консультанттарының қызметін бақылап, халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған жұмыстарды ұйымдастырады.
Раушан Нұрсадықова, ШҚО Әділет департаменті құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметтерін көрсету бөлімінің басшысы:
Әділет органы ең алдымен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Бұл ретте біздің құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметтерін көрсету бөлімі ауқымды жұмыстар атқарады. Бөлім нотариаттық, адвокаттық қызметті және заң консультанттарының қызметін бақылайды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында заңнаманы түсіндіру бойынша тұрақты түрде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күні» сияқты акциялар өткіземіз.
Қазір қажетті ақпаратты үйден шықпай-ақ алуға болады. Енді цифрландыру жүйесі – атқарушылық іс жүргізу саласын да қамтыды. Евгения Завьялова – осы бағытта еңбек етіп жүрген жас маман. Университетті бір жыл бұрын ғана тәмамдаған ол бүгінде атқарушылық іс жүргізу саласында қызмет атқарып, азаматтардың электронды өтініштерімен жұмыс істейді. Бүгінде атқарушылық іс жүргізу жүйесімен байланысты көптеген қызметті онлайн алуға мүмкіндік бар. Азаматтар «Aisoip» ақпараттық жүйесі мен «Adilet Gov» қосымшасы арқылы атқарушылық іс жүргізудің мәртебесін, шектеулер мен тыйымдардың бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ, жұмыс материалдарымен танысып, сот орындаушысына электронды түрде өтініш жолдауға мүмкіндік бар.
Евгения Завьялова, ШҚО Әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы:
Атқарушылық іс жүргізуге қатысты қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда кез-келген азамат осы қосымшаға кіріп, сот орындаушысының қандай шаралар қабылдағанын біле алады. Сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізудің барлық материалдарымен танысуға мүмкіндік бар. Себебі, сот орындаушылары іс жүргізу барысында барлық материалдарды осы жүйеге енгізіп, сол арқылы жұмыс істейді. Егер қандай да бір сұрақ туындаса, азамат сот орындаушысына өтініш жолдай алады. Сот орындаушысы бұл өтінішке бес жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.
Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету – әділет органдары жұмысының тағы бір маңызды бағыты. Фарида Слямова да осы салада көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – жеке сот орындаушыларының жұмысын реттеу және бақылау. Бұл бөлімге сот актілерінің орындалуына, берешекті өндіруге және алименттік міндеттемелерге қатысты азаматтардың өтініштері мен шағымдары түседі. Мамандардың міндеті – сот орындаушысы заң талаптарын сақтауын және азаматтардың өтініштерін тиісті деңгейде қарауын бақылау.
Фарида Слямова, ШҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары м.а.:
Менің негізгі бағытым – сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімі. Бізге заңды және жеке тұлғалардың сот актілерінің орындалмауына, мәжбүрлеп орындату шараларының уақытылы қабылданбауына қатысты өтініштері мен шағымдары түседі. Соңғы уақытта борышкерлердің алименттік міндеттемелерін орындамауына байланысты шағымдар да жиілеп отыр.
Цифрлық сервистер мемлекеттік органдармен өзара байланысты жеңілдетсе, құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрғындарға өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ білуге мүмкіндік береді.
Фатима Тілейханқызы