Негізгі Жаңалықтар Ұлттық өнер -кәсіп көзі

Ұлттық өнер -кәсіп көзі

Ұлттық қолөнер бүгінде мәдени мұраны сақтаудың ғана емес, кәсіп бастаудың да бір бағытына айналып келеді. Дәстүрлі бұйымдарға сұраныстың артуы шеберлерге өз кәсібін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Соның бірі – ұлттық киім тігумен қатар, тапсырыспен жұмыс істейтін шағын ателье.

Перизат Рахатқызы кәсібін алғаш үй жағдайында бастаған. Тапсырыс көлемі артқан соң шағын ғимарат жалдап, өндіріс ауқымын кеңейткен. Қазір ательеде ұлттық киімдер тігіліп, киім жөндеу, реставрация және корпоративтік тапсырыстар орындалады. Кәсіптің дамуына түрлі жобалар мен оқыту бағдарламалары да әсер еткен. Кәсіпкер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының курстарына қатысып, бизнес жүргізу бағытындағы білімін жетілдірген. Сонымен қатар өндірістік құрал-жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік алған.

Перизат Рахатқызы, кәсіпкер:

Мен айтудан жалықпаймын, бұл мамандықты мен таңдаған жоқпын. Бұл мамандық мені таңдады. Менің арғы нағашы әжем, қолөнерші, шебер бесаспап кісі болған. Бүкіл өзінің үлкен отбасын осы қолөнер тігін саласында жүріп, бала-шағасын асырап, жеткізген. Сол қолөнер анама дарыған, анамнан маған дарыған. Ателье ашу идеясы содан келді. 

Шағын кәсіптің тағы бір нәтижесі – жаңа мамандарға жұмыс орнының ашылуы. Ательеге «Жастар практикасы» арқылы келген қызметкер кәсіби тәжірибесін жетілдіріп, тұрақты маман ретінде қалыптасқан. Ательеде еңбек ететін мамандар үшін бұл – тек шығармашылық емес, тұрақты табыс көзі. Ал ұлттық өнімге деген сұраныс артқан сайын кәсіпті кеңейтуге де мүмкіндік көбейеді.

Жанаргүл Дүйсенқызы, тігінші:

Маған негізі желеткаларды тастармен тіккен, оларға ою-өрнек салған, қазақи көрпешелер оюлар қазақи нақыштағы заттар көбірек ұнайды. Ия кішкентай күнімнен өзім бірдеңелерді сызып, бірдеңені көре қалсам дәптерге түсіріп, көп айналысатынмын өзі. Есейгенде де арманым сол болды, Тігіншілікпен айналыссам деген. Өйткені ол менің жақсы көретін хоббиім болды. 

Бүгінде шеберлер ұлттық мұраны сақтаумен қатар, оны кәсіпке айналдырып отыр. Қызының ательесіне көмектесіп жүрген Гүлжанар Бармақова ұлттық киімдер мен дәстүрлі бас киімдер, сондай-ақ сахналық костюмдер әзірлейді. Тапсырыс көлемінің артуы қолөнер бұйымдарын дайындайтын мамандарға да жаңа мүмкіндік беріп отыр.

Гүлжанар Бармақова, қолөнер шебері:

Ою өнері деген ізденумен, талпынумен дамиды ғой. Көп адамдар оюды түсінбейді, ою адам сияқты. Оның ішкі, сыртқы әлемі бар. Көбінесе көбі ішкі әлемін салады да, сыртқы әлемін салмайды. Бөлек қалдық қылып, қалдырып тастайды. Ою бір ою ойылғаннан кейін екінші оюға кетеді. Ішінен екінші ою шыққан кезде ғана оюдың мағынасы шығады. Қазақ оюмен ой айтқан елміз дейді ғой.

Осылайша атадан балаға жалғасқан қолөнер уақыт талабына бейімделіп, шағын кәсіпкерліктің бір бағытына айналып отыр. Ұлттық нақыштағы өнімге сұраныс сақталған жағдайда, бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретін кәсіп түрлерінің бірі болмақ.

Аяулым Усинова

Бөлісу