Қысқы маусымға 800 техника дайын
Облыста қысқы маусымға дайындық аяқталуға жақын. Өңірдегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстауға 800 техника әзірленді. Арнайы көліктер облыстың қалалары мен аудандарына бөлінген.
Қысқы дайындық барысы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен жиында қаралды. Республикалық маңызы бар жолдарға жауапты «ҚАЖсервис» мекемесінде 108 техника бар. Оның 103-і жұмысқа жарамды. Аудандық жолдар мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстауға 573 техника жұмылдырылмақ. Оның 527-сі қысқы кезеңге дайын. Жиында жол құрылысына қатысты мәселелер де айтылды. Өскемендегі Сәтбаев даңғылы бойындағы жолайрықта бір бағыттағы қозғалысты қараша айына дейін ашу жоспарланған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Асықпай жаңағы уақытылы ашайық. 25 октябрь үлгерді жақсы, жоқ 30 октябрь оданда жақсы. Сондықтан жаңағы астындағы бетоны бар, клейі бар сосын барып жаңағы асфальттің төменгі несі бар барлығын жаңағы рет-ретімен сапасына баса назар аударып жасалу қажет асықтырып қажеті жоқ.
Ал облыстық маңызы бар жолдарға жауап беретін «ОблШығысЖол» кәсіпорнында 119 техника бар. Оның 111-і жарамды. Қажет жағдайда негізгі құрамды күшейту үшін қосымша 185 техника жұмылдырылады. Күрделі ауа райы кезінде жүргізушілерге көмек көрсету үшін Тарғын, Марқакөл, Егіндібұлақ және Шемонаиха елді мекендерінде жол пайдалану пункттері жұмыс істейді. Сондай-ақ төрт жылыту орны дайындалған.
Айжан Құмарова, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а.:
Қыс мезгілінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында, сондай-ақ елді мекендердің көшелерінде қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін 800 бірлік қар тазалайтын техника дайындалды. Оның 108-і республикалық, 119-ы облыстық жолдарға, ал 573 техника аудандық жолдар мен елді мекен көшелеріне бөлінген. Техника облыс аумағына климаттық ерекшеліктер мен жолдың күрделі учаскелері ескеріле отырып орналастырылды. Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға жауапты өндірістік жол басқармасы қажетті техникамен және мамандармен толық жасақталған.
Ал Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол учаскесінде көлік қозғалысын қазан айының соңына дейін бастау көзделіп отыр.
Нұрдәулет Қалибеков