Негізгі Жаңалықтар Қызмет алушы күні

Қызмет алушы күні

Облыс орталығында азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы ақпараттануын арттыру мақсатында арнайы кездесу өтті. №1 қалалық емхана ғимаратында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесуде әлеуметтік қорғау, мүгедектікті белгілеу және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері де қамтылды.

Мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Мамандар азаматтарға қызмет алу тәртібін түсіндіріп, тиісті сұрақтарға жауап берді.

Ықылас Сайраубекұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бас маманы:

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің ұйымдастыруымен қызмет алу күні ұйымдастырылып отыр. БЬұл іс-шараның негізгі мақсаты- мемлекеттік органдар мен қызмет алушылар арасында тікелей байланыс орнату. Азаматтарды толғандырған сұрақтар бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қызмет сапасын арттыру. 

Кездесу аясында әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтерге де басымдық берілді. Мамандар мүгедектікті белгілеу, әлеуметтік қолдау шараларын айқындау және зейнетақымен қамсыздандыру бойынша ақпарат ұсынды.

Наталья Литке, ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы м.а.:

Бүгін Мемлекеттік қызметтер күні аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті көрсететін мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат беру үшін жиналдық. Департамент көрсететін негізгі қызметтерге мүгедектікті белгілеу, халықты әлеуметтік қорғау шараларын айқындау және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жатады.

Мамандардың түсіндіру жұмыстары тұрғындарға қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік берді. Кездесуге келген азаматтар көкейлеріндегі мәселелерді көтеріп, тиісті мекемелерге жүгіну жолдарын білді.

Гюзель Ишкинина, қала тұрғыны:

Бүгін Өскемен қаласындағы №1 емхананың ғимаратында пациенттерге әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету және басқа да мәселелер бойынша ақпарат беруге бағытталған іс-шара өтті. Бүгін денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларына қатысты түрлі мемлекеттік органдардың өкілдерін көрдім. Өзімді толғандырған сұрақтардың барлығын қойып, нақты әрі толық жауаптар алдым. Кездесуге өте ризамын. Денсаулығыма байланысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда қайда жүгінуге болатынын, қажетті мекенжайлар мен байланыс нөмірлерін білдім. Осындай пайдалы іс-шара үшін алғысымды білдіремін.

Мұндай кездесулер азаматтардың мемлекеттік қызметтер туралы ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетіп, халық пен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайтуға серпін береді. 

Бекарыс Энгельс 


Бөлісу