Негізгі Жаңалықтар Астық сапасы - басты назарда

Астық сапасы - басты назарда

Облыста егін жинау науқаны аяқталуға жақын қалды. Биыл диқандар 611 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы дақылын жинауы тиіс. Қазір дәнді және бұршақ дақылдарының 97 пайызы орылды. Орташа өнімділік гектарына 17,1 центнерден айналып, 412 мың тонна астық бастырылды. Ал майлы дақылдардың 35 пайызы жиналып, 182 мың тонна өнім алынды. Дегенмен, маусымның түпкілікті қорытындысы әлі есептелуі керек. Биылғы өнімге аптап ыстық, құрғақ жел мен ылғал тапшылығы әсер еткені рас. Ал егін жинау кезінде ауа райына байланысты тәуекелдерге жаңбыр мен температураның күрт ауытқуы қосылды.

Биыл егін жинау науқанын жүргізу үшін Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне Павлодар мұнай-химия зауытынан 19 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жеткізілім шілде-қазан айлары аралығына жоспарланған. Бүгінге дейін шаруашылықтарға 10 мың тоннадан астам отын жөнелтілді. Диқандар үшін дизель отынының бір литрі 297 теңгеден белгіленген. Бұдан бөлек, жаңа жиналған астықты кептіруге тағы 5,3 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Оны элеваторлардың өтінімдері бойынша қыркүйек-қараша айлары аралығында жеткізу көзделген.

Жаннат Көшерова, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Егін жинау жұмыстарына қаржылай қолдау да көрсетіліп жатыр. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру арқылы 2025 жылғы қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін далалық жұмыстарға 22 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 220 өтінім бойынша 2 миллиард 200 миллион теңге төленді. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 миллиард 400 миллион теңге берілді.

Алқаптан жиналған өнім енді қабылдау және сақтау кезеңіне жіберіледі. Облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 829 мың тоннаны құрайды. Алайда астық сүрлемге орналастырылмас бұрын әрбір астық көлемі зертханалық тексеруден өтуі тиіс. Мамандар оның ылғалдылығын, майлылығын, қоспалардың бар-жоғын және басқа да сапалық көрсеткіштерін анықтайды.

Мария Горина, Өндірістік-техникалық зертхана басшысы:

Біз элеватордың ажырамас бөлігі ретінде қабылданатын және жөнелтілетін шикізатты бақылаймыз. Шикізатты қабылдап, қажетті тексерулерді жүргіземіз, белгілі бір сапа деңгейіне жеткізіп, сақтаймыз. Қажет болған жағдайда астық пен шикізатты холдинг ішіндегі кәсіпорындарға және жақын шетелдерге жөнелтеміз. Ең алдымен, ылғалдылығына және органолептикалық көрсеткіштеріне, яғни иісі мен түсіне қараймыз. Егер бөгде иіс байқалса, өнім басқа санатқа жатқызылып, бөлек орналастырылады. Кейін барлығы тексеріліп, арамшөп және дәнді қоспаларға талдау жасаймыз. Ал бидайға қатысты қосымша көрсеткіштерді, атап айтқанда, желімше мөлшері мен түсу санын анықтаймыз. 

Алғашқы нәтижелер бірнеше минут ішінде белгілі болады. Астық үлгісі тікелей жүк көлігінен алынып, жедел талдау құрылғысына жіберіледі. Тексеру қорытындысы бойынша өнімді қосымша кептіру қажеттілігі және оны қай сүрлемге орналастыру керектігі анықталды. 


Бөлісу