Өңірде алғаш рет құсбегіліктен Азия кубогі өтеді
Шығыс Қазақстан облысы халықаралық деңгейдегі ауқымды додаға дайындалып жатыр. Дәстүрге айналған «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық шарасы биыл алғаш рет Азия кубогі деңгейінде өтеді. Ұлттық спорт пен дәстүрді дәріптейтін шараға 150-ге жуық құсбегі жиналмақ.
Ауқымды дода 8-10 қазан аралығында Ұлан ауданының Бозанбай ауылында ұйымдастырылады. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан бөлек, Ресей, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келетін құсбегілер қатысады деп жоспарланған. Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы қазақтың құсбегілік өнерін әлемге танытып қана қоймай, Шығыс Қазақстанды туристік бағыт ретінде де кеңінен насихаттауды көздеп отыр.
Маркс Бақжан, ҚР «Құсбегілік» федерациясының ШҚОФ төрағасы:
Бес-алты жылдың көлемі болды біздің қатарымыз артып, қазіргі таңда 30 құсбегі бар ШҚО-да. Сонымен қатар, алты жастан бастап 80 жасқа дейінгі қарияларымыз бар. Бұл спорт жас талғамайды. Еркек, әйел деп бөлінбейді. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының құсбегілері түрлі жарыстарға белсенді қатысып жүр. Спорт басқармасының қолдауымен облыстық, республикалық турнирлерге және халықаралық жарыстарға барып, өз бақтарын сынауда. Соның нәтижесінде былтыр Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатына қатыстық. Сол жарыста біздің құсбегі екінші орын алып, ұлттық құрамаға кірді. Бұл – біз үшін мәртебе.
Фестиваль тек спорттық жарыстармен шектелмейді. Шара аясында ұлттық мәдениет пен қолөнер де кеңінен таныстырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аумағында 47 киіз үй тігіледі. Қолөнер шеберлері өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, жәрмеңке ұйымдастырады. Ал, келген қонақтар этнографиялық және концерттік бағдарламаларды тамашалай алады.
Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:
Қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты жарыс жұмыстары жүргізілетін аумақта барлық қажетті қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етіледі. Басты мақсат – іс-шараға келген қонақтарға қолайлы жағдай жасап, сапалы қызмет көрсету.
Үш күн бойы бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгімен өтетін сайыстар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, ұлттық спорттың басқа да түрлерінен жарыстар өтеді. Тазы жарысы, жамбы ату, теңге ілу, арқан тарту және басқа да ұлттық ойындар көрермен назарына ұсынылмақ.
Нұртай Тілеужан, ҚР «Құсбегілік» федерациясының ШҚОФ мүшесі:
Құсбегілікке сай киім ғана кию керек. Пұшпақ тымағы, күміс белбеу, аңшылыққа шыққанда қандай бұйым қолданады соны алып келіп көрсету керек. Біз соған жеке номинация тағайындадық. Сайыс бір бөлек, киіммен де сынға түседі ол кісілер. Сонымен қатар, ақындар айтысы да осы жерден төбе көрсетеді. Таңдаулы 6 жұп осында айтысады.
Фестивальге елдің әр өңірінен және шетелден 12 мыңға жуық көрермен мен турист келеді деп күтілуде. Қазір шетелдік қатысушылар мен төрешілерді қарсы алу, орналастыру, сонымен қатар шараға тікелей қатысты жұмыстар пысықталуда.
Фатима Тілейханқызы