Негізгі Жаңалықтар «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» байқауы

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» байқауы

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалында Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Галина Протасованың 80 жылдығына арналған мерекелік кездесу өтті. Ұстаздар күні қарсаңында ұйымдастырылған шарада педагогтің еңбек жолы мен білім саласына қосқан үлесі дәріптеліп, «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» байқауының өңірлік кезеңі жеңімпаздары марапатталды.

«ПРОТАСОВА. ІС. АДАМДАР. УАҚЫТ» атауымен өткен кездесу мерейтой иесінің кәсіби жолына арналған деректі-сұхбат форматында ұйымдастырылды. Әріптестері естеліктерімен бөлісіп, архивтік фотосуреттер мен бейнематериалдар арқылы институт тарихындағы маңызды кезеңдер қайта жаңғырды. Ал Галина Протасова басқару тәжірибесі мен кәсіби ұстанымдары туралы сыр шертті.

Галина Протасова, педагогика саласының ардагері:

Мен педагогикалық институтты тәмамдап, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Алайда көп ұзамай басшылық қызметке тағайындалдым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Оған дейін №16 мектептің директоры болып жұмыс істедім. Сол кезде мектебімізге Білім министрі арнайы келген болатын. Себебі мектебіміздің өзіндік жетістіктері мен нәтижелері бар еді. Біз өз тәжірибемізбен республикалық деңгейде бөлісіп отырдық. Негізінде, дәл осы мектеп менің өмірімдегі жаңа кәсіби жолыма жол ашты. Ол — біліктілікті арттыру институтындағы қызметім еді. Ол кезде бұл мекеме Мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институты деп аталатын.

Бүгінде бұл дәстүр жалғасып келеді. Өскемендегі №41 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Айнұр Пазылова байқаудың математикалық сауаттылық бағыты бойынша облыстық кезеңде жеңімпаз атанды. Ол үшін мұндай кәсіби алаңдар – тәжірибе алмасып, тың әдістерді меңгеруге және өз педагогикалық ізденісін таныстыруға мүмкіндік беретін орта.

Айнұр Пазылова, «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпазы:

Өткен жылы біздің педагогтеріміз республика деңгейінде көш бастады. Педагогтердің бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың идеяларына қолдау көрсетіп, осындай кәсіби алаңды қалыптастырып отырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына алғысымызды білдіреміз. 

 «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» байқауының биылғы өңірлік кезеңіне функционалдық сауаттылықтың жеті бағыты бойынша 862 жұмыс ұсынылған. Педагогтер оқу, математикалық, жаратылыстану-ғылыми, цифрлық, қаржылық, экологиялық және мәдениетаралық сауаттылықты дамытуға бағытталған авторлық әдістемелері мен практикалық шешімдерін ұсынды. Жеңімпаздарға І дәрежелі дипломдар, «Үздік маман» медальдары, Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұстаздар күні қарсаңындағы бұл кездесу білім саласының тәжірибесін сақтаған аға буын мен жаңа идеяларды қалыптастырып жүрген қазіргі педагогтерді бір арнаға тоғыстырды.

Аяулым Усинова


Бөлісу