Әйелдердің бизнестегі белесі
Әйелдердің экономикадағы рөлі жыл сайын артып келеді. Бүгінде олар тек белгілі бір салада еңбек етуші маман ғана емес, өз кәсібін ашып, жаңа жобаларды жүзеге асырып, жұмыс орындарын қалыптастырып отырған кәсіп иелеріне де айналды. Сауда, қызмет көрсету, білім беру, туризм, ауыл шаруашылығы және креативті индустрия – әйелдер белсенділік танытып отырған бағыттардың бір бөлігі. Бүгінде әйелдер кәсіпкерліктің түрлі саласында белсенді еңбек етіп келеді.
Зухра Сыздықова жолдасымен бірге балаларға арналған орталық ашқан. Жоба нарықтағы нақты қажеттіліктен туындаған. Бүгінде мұнда балалардың сөйлеу және даму ерекшеліктерімен жұмыс істейтін мамандар қызмет көрсетеді. Орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына бір жыл. Бүгінде бұл – Қазақстандағы үшінші филиал. Семей мен Үржар қалаларында да осындай орталықтар жұмыс істейді. Кәсіпкер әйел үшін бұл жоба – тек бизнес емес, қоғамға қажетті қызмет көрсетуге бағытталған бастама. Балалардың сөйлеу тіліндегі қиындықтарды түзету, олардың дамуына жағдай жасау – орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Ал ата-аналарға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету де назардан тыс қалмайды.
Зухра Сыздықова, жеке кәсіпкер:
Балаларға арналған орталық ашу идеясы жолдасым екеумізге айналамыздағы таныстарымыздың арасында сөйлеу тілінде қиындықтары бар балалардың көп екенін байқағаннан кейін келді. Ендігі мақсатымыз — балалар орталығын дамытумен қатар, ата-аналарға психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсету. Өйткені мұндай жағдайда ата-аналарға ең алдымен үлкен көмек пен жан-жақты қолдау қажет. Сондықтан біз балалармен жұмыс істеумен бірге, олардың ата-аналарына да қажетті кеңес пен қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Мұндай жобалардың дамуы жаңа жұмыс орындарына да сұраныс қалыптастырады. Балалар орталығында логопед, дефектолог, дене шынықтыру және сенсорлық интеграция мамандары еңбек етеді. Әр балаға жеке бағдарлама жасалып, мамандар кешенді түрде жұмыс жүргізеді.
Алена Габитова, Адаптивті дене шынықтыру және сенсорлық интеграция бойынша жаттықтырушы:
Біз екі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Біріншісі — логотоп. Мұнда балалар толық күн бойы болады, яғни кәдімгі балабақша тәртібінде. Екінші бағыт — интенсивті топ. Бұл топқа балалар үш сағатқа келіп, қарқынды кешенді сабақтар алады. Біздің орталыққа келген әр бала міндетті түрде жеке түзету сабақтарынан өтеді. Алдымен бала дәрігер-дефектологтың бастапқы диагностикасынан өтеді. Содан кейін әр балаға жеке түзету жоспары жасалады. Сол жоспарға сәйкес мамандар баламен жеке жұмыс жүргізеді.
Әлеуметтік бағыттағы мұндай жобалардың тұрақты жұмыс істеуі қызмет көрсету нарығында жаңа мамандарға сұраныс қалыптастырады. Бір орталықтың өзінде бірнеше мамандық иесі еңбек етіп, балалар мен ата-аналарға қажетті қызмет көрсетеді. Осылайша әйелдер бастаған кәсіп әлеуметтік қажеттілікті өтеумен қатар, жұмыспен қамтуға да үлес қосып отыр.
Елена Березинская-Абилова, «Атамекен» ҚР ҰКП ШҚО Іскер әйелдер өңірлік кеңесінің төрайымы:
Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысу әйелдер үшін біршама жеңілдей түскенін атап өткен жөн. Көптеген әйелдер өз кәсібін ұзақ уақыт бойы өз күшімен дамытып келеді. Алайда әйелдің жетістігінің артында көбіне оны қолдайтын жақын адамы болады. Ол жұбайы, өмірлік серігі, ата-анасы немесе балалары болуы мүмкін. Әйел кәсіпкерлігін дамытуда отбасының қолдауының маңызы зор.
Әйелдер кәсіпкерлігінің ауқымы қызмет көрсету мен әлеуметтік жобалардан бастап, өндіріс, білім беру және басқа да салаларға дейін кеңейіп келеді. Жаңа жобалардың іске қосылуы кәсіпкерлердің өз кәсібін дамытуына ғана емес, мамандарды жұмыспен қамтып, жергілікті нарықтағы қызмет түрлерінің көбеюіне де жол ашады. Ал әйелдердің экономикалық белсенділігі артқан сайын олардың қоғамдағы және өңір экономикасындағы үлесі де нығая түсуде.
Аяулым Усинова