Негізгі Жаңалықтар Жаңа көпір құрылысы басталды

Жаңа көпір құрылысы басталды

Өскеменде Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы ресми түрде басталды. Жаңа нысан қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі болмақ.

Жаңа көпірдің құрылысы қаладағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Нысанның жүзеге асуы екі жағалауды байланыстырып қана қоймай, тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаның маңызы туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтып өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру тұрғындарға қауіпсіз орта қалыптастыру аясында тапсырмалар беріп,міндеттер жүктеп отыр.Осы тапсырмалар аясында біздің облысымызда бүгінгі күні бірнеше ірі-ірі жобалар мыңызды жобалар іске асырылуда. Бұл қаламыздың басқа ауданындағы Қазақстан көпірінің үстінен өтетін ауыртпашылықты азайтады.

Көпірдің ұзындығы 834 метр, ені 40 метрді құрайды. Нысан алты жолақты болады. Жоба аясында қоғамдық көлік пен велосипед қозғалысына арналған арнайы жолақтар қарастырылған. Құрылысқа 100 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталады. Жобаны екі жыл ішінде аяқтау жоспарланған. Қазір мамандар нысанның алғашқы кезеңіндегі жұмыстарына кірісті.

Нығматолла Әбділхақов , «ОБЛШЫҒЫС ЖОЛ» ЖШС директорының орынбасары:

Бұл көпір автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер үшін маңызды көлік артерияларының біріне айналады. Себебі бұл – алты жолақты қозғалысты қамтамасыз ететін ауқымды әрі заманауи нысан. Көліктерге арналған 6 жолақтың әрқайсысы 3,5 метр болады, қоғамдық көлікке арналған жолақтар 4 метр, жая жүргіншілерге арналған жол 2,5 метр, велосипедке арналған жол 1 метр болады. Көп қиындық болмайды деп ойлаймын. Өйткені біз бұған дейін Бұқтырма су қоймасына да көпір салдық. 

Жаңа көпірдің салынуы – қала жолдарының өткізу қабілетін арттырып, көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нысанда көлікпен қатар қоғамдық көлік пен велосипед қозғалысына да жағдай жасалмақ. Бұл жобаның жүзеге асуын жол саласында ұзақ жыл еңбек еткен мамандар да маңызды оқиға деп бағалап отыр.

Майдан Мыңбаев, жол құрылысының ардагері:

Басталғалы жатыр ғой,көптен күткені халықтың. Әбден шаршатты да бір көпір ғана болып. Енді осы көпірді салса үлкен сұрақтар шешіледі деп ойлаймын. 

Жаңа көпірдің құрылысы екі жылға жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың екі жағалауы арасындағы көлік қатынасы жеңілдеп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Жоба Өскемендегі көлік жүйесін жаңғыртуға және тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс жағдайын қалыптастыруға арналған.

Әмірбек Бекарыс

Бөлісу