Қалада мемлекеттік тілдің заңдылықтары мен талаптарын сақтамай жүрген кәсіпорындар бар. Тіл талаптарын бұзған мекемелерге түсіндірме жұмысын жүргізу мақсатында Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен тіл жанашырлары мониторинг жүргізді.

Мониторинг тобы ең алдымен белгілі «Юбилейный» кинотеатрына барды. Ондағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің көбі қазақ тілінде жазылған. Дегенмен, тіл бұзушылықтар бар. Кинотеатр басшысы бұл мәселе бойынша алдағы уақытта түзетулер болатынын айтты.

Мониторинг тобының өкілдері қаладағы құрылыс материалдарын сататын «Беакрис» базарына да барды. Тіл жанашырларының айтуынша, ондағы жарнамалық ақпараттың барлығы дерлік тек орыс тілінде жазылған. Мемлекеттік тілде жазылғандарының өзі тіл талаптарына сай емес.

Тіл жанашыры Әділ Юсупов көптеген кәсіпорында тіл заңдылығы мен талаптары сақталмағанын басып айтты. Қоғам белсендісі тіл нормасының сақталуы тікелей заңмен қаралған, дейді.

Мониторинг тобы басқа да бірнеше кәсіпорынға барды. Ондағы көрнекі ақпарат пен жарнама парағындағы мемлекеттік тілдің сақталуын тексерді. Рейд алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.