Өскеменде көпбалалы аналар Аналар күнін атап өтті. «Әлемнің жарығы» деп аталған шара ақ жаулықты аналарға және қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Аталмыш игі шараны «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қолға алған. 

Аналар күніне жиналғандардың қарасы қалың. Арбат маңына жиналған көпбалалы аналарда мерекелік көңіл күй. Себебі аналар мерекесі балалардың өмірі мен тәрбиесіне қосқан баға жетпес үлестері үшін алғыс айтып, құрмет білдіретін күн.

Бүгінгі таңда «Жан ана» қоғамдық бірлестігінде жеті көпбалалы ана жұмыс істейді.

Сондай-ақ, шара аясында "Жан ана" қоғамдық бірлестігінің ұжымы алты баланың анасы Зүлфия Байтұяқоваға пәтер кілтін табыстады. Тұрғын үйге қаражатты жинауға «Асар-уме» қайырымдылық қоры көмектесті.

Бұл күні Арбатта керектінің бәрі бар. Мерекеге орай «Ұршық пати» ұйымдастырылып, "Жан ана" бірлестігінің аналары өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Аналар күнін тойлауға "Ақ ниет" ансамблінің белсенді әжелері шақырылып, қазақ халық әндерін шырқады. Шара соңы қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.