Өскеменде жастарды әскер қатарына шақыруға бағытталған «Міндет! Абырой! Ерлік!» акциясы өтті. Аталмыш шараны облыстық Қорғаныс істері департаменті облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе қолға алған. Мақсаты – патриоттық рухты ояту, қастерлі борыштың маңызын түсіндіру.
«Міндет! Абырой! Ерлік!» акциясы соғыс ардагері, егемен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына орай ұйымдастырылған. Акция аясында «Жеңіс лентасы» патриоттық ленталары мен жастарды Қазақстан армиясына шақыру бойынша ақпараттық жадынама қағаздары таратылды.
Мұндай акция жастар арасында және барлық әскери қызметшілер арасында патриоттық сананы, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді, конституциялық және әскери борышқа адалдық идеясын, жоғары жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға, сондай-ақ рухты берік етуге ықпал етпек.
Сондай-ақ шараға өз көмек қолдарын созып облыстық волонтерлер фронт-офисінің еріктілері де келген.
Осындай шаралар ҚР Қарулы Күштерінің оң имиджін мен әскери қызметтің беделін арттырады дейді, ұйымдастырушылар.