«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Экологиялық шараға аудан тұрғындары, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, көлдің айналасындағы қоқысты тазартты.

 «Мөлдір бұлақ» – өзен-көлдер маңына тазалық жұмыстарын жүргізіп, жағажайларды қоқыстан тазартуға бағытталған экологиялық акциялардан тұрады. Ұлан ауданы әкімдігі ақпаратына сүйенсек, осы күнге дейін жалпы аудан бойынша бес су қоймасы тазаланып, 15 мың тонна қоқыс шығарылды. Науқанға қатысқан 500 адам аймаққа 200 түп сәндік ағаш көшеттерін отырғызып, аумақты толықтай қоқыстан тазартты.

Аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық акциясына бар құлшыныстарымен кіріскен. Ұландықтар туған жердің гүлденуіне күн сайын үлес қосу үстінде.

Бұдан бөлек, апталық аясында Дұбығалы көлінің жағасында да тазалық жұмыстары өтті. «Тазалыққа бағытталған осындай жұмыстар азаматтардың экологиялық мәдениеті мен табиғатты аялауға деген жауапкершілігін арттырады», дейді аудан әкімі.