Риддер қаласында көптен күткен жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталды. 600 орынға арналған білім ордасы оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті заманауи құралдармен жабдықталған. Бұл жоба аймақтағы білім беру жүйесін жетілдіру жолында маңызды қадам болып отыр. Білім мекемесінің дайындығымен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов арнайы келіп танысты.

Жаңа ғимаратта кең әрі жарық кабинеттер, кітапхана, зертханалар, IT-кабинеттер, спорт залы мен шығармашылық бөлмелер бар. Мектептің техникалық ашылуы жергілікті тұрғындар үшін қуанышты оқиға болды. Бұрынғы тар әрі ескі ғимараттардағы қиындықтар артта қалды, дейді тұрғындар.

Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде аяқталды. Мердігер компания өкілдерінің хабарлауынша, білім ордасы барлық инженерлік желіге қосылған. Бұдан бөлек, қауіпсіздік шараларын арттыру үшін, бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды.

Білім ордасы аралас тілді болмақ. Қалалық мәслихат депутаты Есілхан Қанапияновтың сөзінше, №6 ықшам ауданда қазақ тілді мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Кеншілер кентіндегі қос білім ордасының оқушылары мен ұстаздық құрамы жуық арада жайлы мектепке ауысады деп жоспарланып отыр.

Техникалық ашылу кезінде жергілікті билік құрылыс сапасына ерекше назар аударып, барлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етті.

Жаңа мектеп білім берудің сапасын арттырумен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ғылыми ізденіспен айналысуына және спорттық жетістіктерге жетуіне мүмкіндік бермек.