Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында мектеп салу – Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек деген еді. Бұл бастама өңірде қолға алынып, біртіндеп жүзеге асып келеді. Осы жолы Глубокое ауданындағы Белоусовка ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім мекемесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Жаңадан салынған білім ордасын көруге арна тілшілері де барып қайтты.

Белоусовка ауылының тұрғындары жаңа, кең, жайлы мектепті көптен бері армандаған. Жаңа білім ордасы облыс орталығындағы кейбір мектептерден кем емес. Тұрғындар талай жыл сарыла күтен мектептің салынып, қолданысқа берілгеніне қуанышты.

Әрбір оқушының жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Мамандардың айтуынша, «Жайлы мектеп» әдеттегі мектептерден өзгерек. Мектепте цифрлық технология, химия, физика, робототехника пәндері оқытылады. Кабинеттерде интерактивті тақтадан бастап жаңа құрылғылар көп. Әрбір бөлшегі замануи кейіпке келтірілген.

 «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – оқу орындарының тапшылығын, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешуге бағытталған. 2024-2025 жылдары елде 740 мың орындыққа арналған 369 мектеп салу көзделсе, соның биыл 217 –сі қолданысқа беріледі.