Зайсан ауданының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз әрі білікті бапкер Қайрат Жақыповтың зейнетке шығуына орай ауданішілік баскетбол турнирі ұйымдастырылды. Жарыс – шәкірттерінің ардагер бапкерге көрсеткен сый-құрметінің белгісі болды.
Қайрат Жақыпов – Зайсанда бокс спортының негізін қалап, бірнеше буынның шаршы алаңға шығуына себепкер болған тәжірибелі жаттықтырушы. Турнирді шәкірттері мен аудан жұрты бірлесе ұйымдастырды. Құрмет көрсеткен қауымға ардагер бапкер өз алғысын білдірді.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, салалық бөлім басшылары, әріптестері мен спорт ардагерлері қатысты.
Жарысқа қатысушылар Қайрат Жақыповтың аудан спортына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Бапкер дайындаған командалар байрақты додаларда бірнеше мәрте чемпион атанып, түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарған.
Ұлағатты бапкерге арналған турнир – шәкірт пен ұстаз арасындағы құрметті көрсетті. Қайрат Жақыповтың спорт саласына сіңірген еңбегі жас ұрпаққа үлгі, ал шәкірттерінің жетістігі – сол еңбектің жемісі.