Қызметтік иттермен жұмыс істеу бүгінде үйреншікті көрініске айналған. Алайда Өскемен қалалық полиция басқармасындағы мысық — көпшілікті таңғалдырмай қоймады. Тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналып үлгерген үй жануары жайлы тілші бейнематериалында.

Қалалық полиция басқармасының саптық жиынына күн сайын бір қара мысық тұрақты түрде қатысады. Қызметкерлер оны әзілдеп «инспектор» атап кеткен. Кейбірі тіпті «онсыз жұмыс басталмайтындай» деп қалжыңдайды. Жаз мезгілінде сапқа тұру күніне үш рет өтеді. Ал бұл үлпілдек «инспектор» соған да бейімделіп алған. Жиын кезінде тәртіп бұзбай, өзін нағыз қызметкердей ұстайды. Кей кездері адам мінезін түсінетіндей әрекет көрсетуі – қызметкерлердің таңданысын тудырып жүр.

Қуаныш Акимеев, Өскемен қ. ППБ қызметінің инспекторы:

Күнде таңертең де, кешке де сапқа қосылады. Сап біткен соң өз жолымен кетіп қалады. Қайдан келетіні белгісіз, бірақ тәртіпке бағынып жүргендей, тамақ береміз. Асханадан тамақтанады. Тіпті кешіккен емес. Әдейілеп келетіндей. Қызметкер секілді – өз орнын біледі.

Ал кинология орталығын «Муська» есімді мысық бес жылдан бері тұрақтап келеді. Жем-шөп қоймасын күзетіп, иттермен жақсы тіл табысып кеткен. Жыл басынан бері орталыққа 7 тоннадан астам жем жеткізілген. Мысықтың міндеті қойманы кеміргіштерден қорғау. Қызметкерлердің айтуынша, бұрын кеміргіштер көбейіп кеткен соң мысық ұстауға шешім қабылдапты. Қазір ол ұжымның сүйіктісіне айналып үлгерген.

Алексей Гордеев, облыстық ПД кинология орталығының аға инспекторы:

Кеміргіштер орталық қызметкерлерінің сөредегі киімдерін бүлдіріп тастайтын. Сол себепті мысық асырауға мәжбүр болдық. Қазір ол ұжымның сүйікті жануарына айналды.

Бұдан бөлек, үй жануары қызметтік иттердің тәртібіне де әсер етеді. Кинологтар оны жаттығу кезінде әдейі пайдаланады. Себебі, есірткі іздегенде иттер пәтердегі мысықтарға алаңдамауы керек. Сол үшін оларды жануарлардың бірге өмір сүруіне үйретеді. Қызмет қанша ауыр болса да, жанындағы үлпілдек достарын көргенде полиция қызметкерлерінің көңілі көтеріліп, жүзіне күлкі үйіріледі.


Қымбат Иманғалиева