Күршім ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі бағытындағы тың жобалар іске асырылып, ел экономикасына серпін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнес иелері жаңа технологияларды енгізіп, өнім көлемін арттыруда. Жаңа бастамалар жайлы әріптесім Нұртас Қайролдаев біліп қайтты.
Күршімдегі ағайын заманауи технологияны меңгеріп, кәсібін дөңгелетіп келеді. Тамшылатып суару жүйесін енгізіп, өнім көлемін де еселеп арттыруда.
Мұрат Бейкенов, жеке кәсіпкер:
Біздің Өскеменде клиенттеріміз өте талғампаз. Басқа жерде ондай жоқ. Бір размерде болуы керек. Одан үлкен кездессе олар арзанға кетеді. Содан кейін қисықтары бар оларды не стондарт дейміз. Олар мүлдем арзанға кетеді. Біз 200-250 қазір оптовый баға бізде. Одан алыпсатарлар ары 500-400 ден сатадығой деймін ар жағы. Қарасақ базарда қымбат баға.
Ауданда мемлекеттік қолдаумен жаңа жобалар да жүзеге асқан. Солардың бірі – 2024 жылы грант ұтып алған Раушан Рахимованың «Мойнақ» шұжық цехы. Жоба шағын бизнесті жолға қоюға мүмкіндік беріп, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтуға өз үлесін қосып отыр.
Раушан Рахимова, жеке кәсіпкер:
Грант ұтып алдым, 400 мрп көлемінде. Ол дегеніміз 1 млн 470 мың теңге көлемінде. Содан бастап шағын бизнестің басын бастадым. Шағын шұжық цехы деп бастадық бизнес планды. Біз әлі кішкентаймыз. Бір екі магазинге өткізіп жүрмін. Жалпы сұраныс өте жақсы.
Күршімде атқарылып жатқан бастамалар легі мұнымен аяқталмақ емес. Солардың бірі қайта жаңғыртудан өтіп жатқан балық өңдеу зауыты. Зауыт толық модернизациядан өтіп, тағы бір цех іске қосылмақ. Жоба аясында қосымша 30-40 адамға жұмыс орны ашылып, өнім көлемі де тәулігіне 20 тоннаға дейін артпақ.
Азамат Бейсебаев, «Төре-Тоғам» ЖШС директорының орынбасары:
Бұрыннан істеп тұрған цехымыз бар. Ол тәулігіне 10 тоннадан астам балық өңдейді. Енді жаңадан цех ашқалы жатырмыз. Оны іске қосатын болсақ тәулігіне 20 тоннадай балық өндіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Кәсіпкерлік – Күршім ауданын дамытудың негізгі тетігі. Іске асқан жобалар мен бастамалар тұрғындардың тұрмысын түзеп, экономикалық әлеуетін арттырары сөзсіз.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ