Елімізде еңбек ресурстарын оңтайлы орналастыру мақсатында ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы іске асырылып келеді. Осыған орай Түркістан облысы мен Алматы, Шымкент қалаларынан шыққан азаматтардан құралған топ Шығыс Қазақстан облысына сапарлап келді. Олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын, жұмыс және баспанамен қамтылу мүмкіндіктерімен таныспақ. Қоныс аударуға ниетті азаматтармен әріптесім Нұртас Қайролдаев тілдесіп қайтты.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде еліміздің оңтүстік өңірінен келген азаматтарға Шығыс Қазақстанда жаңа өмір бастауға мүмкіндік туып отыр. Қоныс аударушылар Самар, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім мен басқа да шекаралық аудандарда инфрақұрылыммен, еңбек нарығымен танысты.
Арайлым Есімбекова, ШҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
Бекітілген квота бойынша 372 қоныс аударушыны ШҚО қоныс аударуымыз керек. Бұл арнайы квотаның 70 пайызы бұл күнде орындалып тұр. Осы келген қонақтарымызды біз қазір баты назарда жаңадан құрылған, шекаралық аудандарымыз бар. Өскемен қаласынан Самар ауданына жол тартамыз. Одан ары Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай, Күршім аудандарына барып, халықтың тұрмыс тіршілігімен танысамыз. Сатып аламын деген үйлерін көрсетеміз. Ең бастысы жұмыс берушілермен Самар ауданында осы жеті үлкен ауданның қатысуымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткіземіз.
Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әр адамға 275 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй құнының жартысы өтеледі. Жаңа ортада тұрмыс түзеуге бұл үлкен мүмкіндік дейді, үміткерлер. Қызылорда мен Алматыдан келген көп балалы аналар мен түрлі сала мамандары табиғаты көркем, мүмкіндігі мол өңірге оң көзқарас танытуда. Олардың қатарында қызылордалық Әлия Айдарбекова да бар. Ол Марқакөл мен Катонқарағайдың табиғаты көңілінен шығып, осында қоныстануға ниетті.
Әлия Айдарбекова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Шығыс Қазақстанға көшу ниетінде келдік. Катонқарағай, Марқакөл жақтарды көрсек. Мамандығымыз бойынша жұмыс тапсақ, орналассақ. Мына Катонқарағай табиғаты әдемі. Соны көргіміз келеді, сонда көшкіміз келеді.
Оразхан Жабаева, Алматы қаласының тұрғыны:
Осы Шығыс Қазақстанға көшу мақсатында, өз көзіммен көрейін дедім. Шынымен де жақсы екен. Мал бағуға болады. Ұсақ мал бағуға болады. Өте қолайлы екен да егін егуге. Барлығы қолжетімді. Кей бір жерлерде су тапшығой, бұл жерде мол екен. Бұл жерде әр адам басына 275 мың теңге беріледі екен және үйдің 50 пайызын төлеп береді екен. Оның бәрі бізге үлкен мүмкіншілік болып тұр. Біздің ары қарай дамып кетуімізге. Алматыда ондай мүмкіншілік жоқ.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы ел ішіндегі еңбек ресурстарын тиімді орналастырып қана қоймай, шекаралық аудандардың әлеуетін арттыруға жол ашып отыр. Табиғаты көркем, мүмкіндігі мол шығыс өңірі жаңа өмір бастағысы келген жандарға қолайлы орта қалыптастыруда. Ал қоныс аударушылар үшін бұл – болашаққа деген сенімді қадам.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ