Жаңа оқу жылы жақындаған сайын студенттердің тұрмыстық жағдайы қоғам назарында. Осы орайда өңірде жатақханалардың дайындығын тексеруге бағытталған кешенді мониторинг жұмыстары басталды. Бұл шараға Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшелері, жас депутаттар, қоғамдық кеңес өкілдері, студенттік омбудсмендер және партия жанындағы жастар қанатының жетекшілері белсенді қатысуда.

Мониторинг жұмыстары облыс орталығындағы жоғары оқу орнынан басталды. Мұнда жастар кеңесі мен қоғамдық ұйым өкілдері әр бөлмені аралап, студенттердің өміріне қажетті тұрмыстық жағдайларды тексерді. Ал шалғайдағы аудандарда осы жұмыстарды жергілікті жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері атқаратын болды. Бұл – қарапайым тексеріс қана емес, болашақ маман иелерінің тұрмысына деген жауапкершілік. Жаңа оқу жылына әрбір білім алушы өз бөлмесінде жайлылық пен жылылықты сезінуі үшін, мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да барынша көңіл бөлініп отыр.

Айдос Әділбеков, Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Біз бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жаңағы жатақханасын мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг жұмыстарының барысында жатақхананың оқу жылына, 2025-2026 оқу жылына дайын екендігі толығымен анықталып отыр. Енді алдағы болатын мониторинг жұмыстарында табылатын кемшіліктер болатын болса олардың барлығы міндетті түрде уақытында жойылатын болады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2050 білім алушыға арналған төрт жатақхана толықтай дайын. Студенттердің күнделікті тұрмысына қажет кір жуу машиналары орнатылып, төсек-орын мен жастық-көрпеге дейін түгелдей жеткізілген. Тәртіп ережелері де түсіндіріліп, болашақ маман иелері жатақхананың ішкі қағидаларымен таныстырылды.

Бақдәулет Анас, студенттер үйі бойынша жауапты маман:

Студенттер үйі қазіргі кезде санитарлық талаптарға толығымен сай дайындалды және де студенттер әрбір бөлмелері кезекті жөндеу жұмыстарынан өтті толықтай деп айтуға болады. Студенттерді төсек орындарымен толықтай қамтамасыз етеміз. Көрпе-жастығы, оған керекті жабдықтарының барлығын беріледі студенттерге. Және де жатақхананың ішкі тәртіп ережелерімен де бірден таныстырып, көрсеттік.

Ләйлә Төлеубекова, студенттік омбудсмен:

Осы үш күн бойы студенттерге арналған жатақхана орындары жеткілікті ме және де олардың санитарлық нормаларын тексеретін боламыз. Осы үш университетте әр студенттік омбудсмен болады. Солармен жұмыс жасап, бірге жатақхана болсын,университеттегі бір іс-шара болсын немесе қиындықтары болса бізге айта алады.

Бұл – жастардың қамы үшін жасалған жүйелі қадам. Өйткені білімді ұрпақ – елдің болашағы, ал олардың игілігіне жасалған әрбір қамқорлық – мемлекет мерейін асқақтататын іс. Жатақхана – жас жүректің шағын Отаны. Онда шуақты көңіл, ыстық ықылас, болашаққа деген сенім ұяласа, бұл бастама өз мақсатына жетті деген сөз.


Талант Тұрсынов