Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс және қала әкімдігі өкілдері мамыр айында өтетін мерекелік шаралардың жоспарын таныстырды. Биыл Қазақстан халқының бірлігі, Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған шаралар мазмұндық тұрғыда жаңаша форматта ұйымдастырылмақ. Негізгі мақсат – ел бірлігін нығайту, патриоттық рухты көтеру және тарихи жадыны сақтау.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, 7 және 9 мамыр күндері облыстың барлық қала-аудандарында еске алу рәсімдері, гүл шоқтарын қою шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өңірдегі Ұлы Отан соғысының 6 ардагеріне және 3 мыңнан астам тыл еңбеккеріне ерекше қолдау көрсетіледі.

Айдар Садырбаев, ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

ШҚО да мерекелер біртұтас кешенде ұйымдастырылатын болады, осылайша патриоттық тәрбие мен қоғамдық бірлікті нығайтуда біртұтас жүие қалыптасады деп пайымдаймыз. Жалпы облыс бойынша 370 шара өткізіледі деп жоспарланған оған 250 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Ерекше назар жастардың сөзсіз белсенді тартылуына ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге және аға буынның айрықша рөлін нығайтуға бағытталады.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қаладағы қоғамдық демалыс орындары ашылады. Сондай-ақ, тұрғындар көптен күткен өзен трамвайы қайта іске қосылады. Бұл күні концерттік бағдарламалар, этно-квиздер өтеді.

Ринад Ахметжанов, Өскемен қ. Ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Өскемен қаласы бойынша 73 тен астам іс-шара жоспарланған, оның ішінде 15-і басты іс-шаралар, орталық алаңдар мен қаладағы орындарда өткізіледі, 80 мыңнан астам қатысады деп жоспарланған.

Айта кетейік, мамыр мерекелеріндегі басты басымдық – концерттік бағдарламалар ғана емес, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және жастарға тағылымды тәрбие беру болмақ.

Нұрдәулет Қалибеков