Глубокое ауданындағы мектеп оқушыларының енді өз телестудиясы бар. Жарық орнатылып, камера, суфлермен жабдықталған бұл орталықта бүгінде алғашқы сюжеттер түсірілуде. «Алтай» телеарнасының ұжымы жаңа студияға барып, болашақ журналистерге шеберлік сағатын өткізді.
Телеарна қызметкерлері «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қолдауымен өңір мектептерінің оқушыларымен кездесулер өткізуді жалғастырып келеді. Осы жолы телеарна ұжымы Глубокое ауданына қарасты Ы. Алтынсарин атындағы мектепке барды. Бұл мектепте 900-ден астам оқушы білім алады. Соңғы жылдары мұнда білім беру сапасы айтарлықтай артқан. Тірек мектептерді жаңғырту жобасы аясында ондаған кабинет жаңартылды. Соның ішінде телестудияны атап өтуге болады. Бұл – журналистика мен видеоконтент жасауға қызығатын оқушылар үшін жаңа мүмкіндік алаңы. Оқушылар дәрісті тыңдап қана қоймай, бірден тәжірибелік жұмысқа кірісті. Жарық орнатып, кадрда жұмыс істеді. Камера алдында өзін ұстауды және суфлерден мәтін оқуды үйренді. Арина Вологодская үшін бұл – осындай форматтағы алғашқы тәжірибе.
Арина Вологодская, Ы. Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебінің оқушысы:
Бүгінгі мастер-класс бізге өте құнды тәжірибе берді. Біз түсірілім барысында көптеген жұмыстарды үйрендік. Жарықты дұрыс қойып, алғаш рет суфлермен жұмыс істеп көрдік. Сонымен қатар бейнемонтаждың негізгі дағдыларын меңгердік. Ірі план, орта план және жалпы план дегеннің не екенін түсіндік.
Шеберлік сағатының тағы бір бөлігі телевизиялық сюжет дайындауға арналды. Идеядан бастап, эфирге дейінгі барлық кезең түсіндірілді. Оқушыларға мәтінді дұрыс жазу, камера алдында өзін ұстау, дауыс пен интонацияны дұрыс қою жолдары айтылды. Режиссер Ольга Беломытцева материалдың құрылымын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Дарья Жданова, Ы. Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебінің оқушысы:
Қазір біз телестудия кабинетінде тұрмыз. Бұған дейін осы жерде рилс түсіріп, мектептің инстаграм парақшасына жариялап жүргенбіз. Ал «Алтай» телеканалының мастер-класынан кейін енді жаңалық форматындағы видеолар түсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар,видеороликке мәтін жазуды, суфлермен жұмыс істеуді, монтаж жасауды үйрендік.
Аға телеоператор Александр Каримов оқушыларға видео түсірілімнің техникалық жұмыстарын үйретті. Камераны қалай дұрыс ұстау керек, жарықпен жұмыс істегенде нені ескеру қажет, кадр композициясы не үшін маңызды екені айтылды.
Алексей Васюкович, Ы. Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебінің оқушысы:
Бізге білікті мамандар камерамен жұмыс істеудің және жарық қоюдың негізгі тәсілдерін үйретті. Алдағы уақытта өзімді оператор ретінде сынап көргім келеді. Мектептегі шараларды түсіріп, осы салада әрі қарай дамуды жоспарлап отырмын.
«Алтай» телеарнасының дизайнері Александр Каспиревич түсірілген материалдан толыққанды сюжет қалай құрастыратынын көрсетті.
Гүлмира Әбілмажинова, Ы. Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебінің директоры:
Біздің мектеп үшін бұл – маңызды шара. «Алтай» телеарнасының қызметкерлері келіп, оқушыларымызға мастер-класс өткізді. Біздің балалардың арасында осы телестудияда жұмыс істегісі келетіндер көп. Оның үстіне студиямыз өте тартымды, жоғары деңгейде жасалған. Мектебімізге көрсеткен нақты көмектеріңіз бен қолдауларыңыз үшін үлкен алғыс айтамыз.
Шеберлік сағаты оқушылардың медиа саласына деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Алда жаңа сабақтар мен тәжірибелік жұмыстар күтіп тұр. Сол арқылы мектеп оқушылары алған білімдерін бекітіп, болашақта толыққанды сюжет дайындауға қадам жасайды.