Өскеменде Отан қорғаушылар күніне орай дәстүрлі «Oskemen AIBYN–2026» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Қала мектептерінің оқушылары бас қосқан жиын жасөспірімдердің әскери дайындықтарын шыңдап, патриоттық рухын арттыруға бағытталған.
Биылғы сайысқа қаладағы 35 мектептен 300-ден астам оқушы қатысып, өзара бақ сынады. Жиынның мақсаты – жасөспірімдердің әскери дайындығын шыңдап, отансүйгіштік рухын қалыптастыру.
Болатбек Мамарбаев, Өскемен қ. әкімінің орынбасары:
Отан қорғаушылар күні аясында жыл сайын дәстүрлі түрде «Oskemen aibyn 2026» жарысын өтізіп жатырмыз. Бұл жарысқа облыс орталығының мектеп оқушылары қатысып жатыр. Бұл жай ғана жарыс емес. Мұнда жастардың күші, жеңіске деген жігері мен командалық рухы сыналатын жақсы бір сайыс. Тек жастардың физикалық дайындығын ғана емес, өткен батырларға деген тағызымның айқын көрінісі. Бұндай жарыстар жастар арасында салауатты өмір салтын және әскери тәртіпті қалыптастырып қоймай, отанға деген сүйіспеншілік пен жігерді қалыптастырады.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылар автоматты бөлшектеу, әскери эстафета, саптық дайындық, тартылу сынды сайыстарда сынға түсті.
Дулат Ақажанов, Өскемен қ. №19 мектеп-қосымша білім беру орталығының алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі:
Жылда осы сайысқа келіп жақсы нәтиже көрсетеміз. Биыл да балаларды алып келдік жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз. Балалар сақадай сай. Алты тарапта өтеді. Олар автоматты бөлшектеу, газтұмылдырық кию және әскери эстафета мен саптық дайындық. Тартылы мен пресс.
Жас өрендер де сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Олар өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жеңіске деген сенімдерін жасырмады.
Ханшайым Сағиева, сайысқа қатысушы:
Осы сайысқа деген дайындығымыз өте жақсы өтіп жатыр. Біз осы сайыста жеңеміз деп ойлаймын. Мен осында эстафетаға және қаруды шашып жинаудан қатысамын.
Жарыс қорытындысы бойынша «Жігер» командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды «Алаш», ал үшінші орынды «Айбын» құрамасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға қала әкімдігі атынан марапаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Нұртас Қайролдаев