Жылқы мен қазақтың жаны бір. Әсіресе, аламан десе арқасы қозып, ішкен асын жерге қоятын ұлт. Марқакөл ауданында осындай бір бәйге өтті. «Шығыс Алтын тайы – 2025» тай жарысы жұртты бір серпілтті. Шабандоздар өзара кім мықтыны анықтады.

Дүбірлі доданы Марқакөл ауданы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер азаматтар ұйымдастырды. Аламанға жиналған жұрт қарасы қалың. Марқакөл ауылындағы думанда киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар күмбірлете күй төгіп, әуелете әсем ән шырқады. Ұлттық спорт түрінен өткізілетін сайыстарды болашақта дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отырмыз дейді, жергілікті әкімдік өкілдері.

Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:

Шараның маңыздылығы ол азаматтардың берекесін арттыру, ынтымақты, татулықты біріктіру. Шекаалық аймақтағы халықтың, тұрғындардың көңіл - күйін, руханиятын ояту деген маңызды шара болып жатыр бізде.

Жарысқа Абай облысы мен ШҚО-ның спортшылары қатысты. 100-ден астам шабандоз тай жарысы, құнан бәйге және аламан бәйге санаттары бойынша сайысқа түсті.

Асхат Уанбаев, «Шығыс Алтын Тайы - 2025» байқауын ұйымдастырушы:

Тай бәйгесі 5,5 шақырым шабады 60 қа жуық тай шабады. 10 шақырым құнандар шабады. Онда 30 дай құнан бар. Аламан бәйге 20 шақырым болады. 30 дай ат тіркелді. Атбегілер Шығысқазақстан облысы, Абай облысынан келіп отыр.

Тұлпарының бағы мен бабын сынауға келген атбегілер арасында нағыз бәсеке. Шабандоздар да әр қашықтықты еңсерген сайын қызу дайындықпен келгендері көрінді. Бұл сында бас жүлде Абай облысынан келген қатысушыларға бұйырды.

Мерей Қарт, «Шығыс Алтын Тайы - 2025» фестивалінің жеңімпазы:

Осы Алтын тайда біздің үкілі тұлпарлар тұрағы деген біздің атқорамыздың сәйгүлігі үкілі жирен Ануар деген досымның сәйгүлі топ жарып артымызда тұрған автокөлікті жеңіп алды. Биыл А.Құнанбайұлының 180 жылдығы 180 жылдығында үлкен жүлде Абай еліне бара жатыр сондықтан бұл да біз Абай атамыздың 180 жылдығына, алда үлкен еліміздің конституция күні мерекесі келе жатыр осының қарсаңында болған үлкен фестивальге бізде қосқан үлесіміз деп ойлаймыз.

Артынан ала шаң ерткен арғымақтар жарысы аудан тұрғындарына ерекше көңіл – күй сыйлады.

Амантай Ихамбаев, аудан тұрғыны:

Ел жиналып жарыс өтуде, енді біз Марқа ауданының ашылғанына байланысты ары қарай оның дамуына тілек білдіреміз. Халық болып, осы жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осы ауданға қайтадан көшіп келетіндер болса оны да қарсы алуға қуаныштымыз.

Жарыс соңында жеңімпаз шабандоздар марапатталып, арнайы сыйлыққа ие болды.


Гүлдана Айдарқызы