Жаңа оқу жылында облыстың 347 мектебінде, 99 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 9 мыңнан аса оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Барлық білім беру ұйымдары оқулықтармен, жаңа пәндік кабинеттермен және заманауи цифрлық технологиялармен қамтамасыз етілуде. Ал, балалардың қауіпсіздігі мен жайлы ортада білім алуы - басты міндеттердің бірі болып отыр.

Қазіргі таңда өңірде 212 балабақша мен 176 шағын орталық жұмыс істейді. Онда 3770 педагог балаларға білім береді. Статистикаға сүйенсек, «бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету өткен жылғы көрсеткіштерден жоғары» -дейді, жауапты мамандар.

Әлима Ақылбек, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жеке инвесторлардың белсенді қатысуы мен мемлекеттік тапсырыс тетігінің арқасында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 99,2% - ға дейін өсті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,5% - ға жоғары. 1 тамыздан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды жаңа оқу жылына жасақтау басталды. «Balabaqsha SmartNation»ақпараттық жүйесінде 7 615 бос орындар ашылды. 2025 жылдан өңірде мемлекеттік тапсырысты ваучерлік қаржыландыружобасы іске асырыла бастады. 1 наурыздан бастап облыстық орталықтың мектепке дейінгі ұйымдары ваучерлік қаржыландыруға көшті, ал қарашадан бастап жобаға аудандар да қосылатын болады.

Өңірдегі барлық 347 мектеп интернет желісіне қосылған, оның ішінде 170 мектепте Starlink жүйесі бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл оқушыларға білім беру платформалары мен цифрлық ресурстарға тұрақты және сапалы қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, аймақта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да ерекше көңіл бөлінуде.

Гүлжаз Бошакова, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсету мәселесі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Облыста

1 238 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады оның ішінде: 826-сы отбасында қамқорлықта тәрбиеленеді, 51-і патронаттық тәрбиеде, 358-і мемлекеттік мекемелерде. Осы санаттардағы балалар үшін 7 ұйым жұмыс істейді.

Биыл өңірдегі 92 білім нысанын жөндеуге 2,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта бір бөлігі аяқталып, қалғаны жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.


БЕКАРЫС СЕКЕН