Облыс орталығында қазақ әдебиетінің аса ірі әрі көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған тағылымды шара өтті. Мерейтой аясында жас қаламгерлер арасында прозалық шығармалар байқауы ұйымдастырылды, үздіктер марапатталды.
Әдебиет – халықтың жаны, ұрпақтың рухани іргетасы. Қалихан Ысқақ сынды ұлт жазушылары сол іргетастың берік қалануына бар ғұмырын арнады. Оның шығармалары – бір ғана дәуірдің емес, тұтас қазақтың тағдырлы шежіресі. Жазушының 90 жылдық мерейтойына орай облыстық «AMANAT» партиясының бастамасымен арнайы әдеби байқау ұйымдастырылды. Бұл сайыстың басты мақсаты – жастардың Қалихан шығармаларын қаншалықты оқығанын, қалай ұққанын, одан қандай тәлім алғанын көрсету еді. Байқауға сегіз жас қаламгердің туындылары ұсынылды. Әрқайсысының жүрек сыры, ой тереңдігі, жазу мәнері әртүрлі. Бірі қаламын қайрап, толысқан шеберлігін байқатса, енді бірі әдебиет айдынына жаңа қадам басқан жас өркен екенін аңғартты. Бірақ барлығын біріктірген ортақ сезім – Қалихан мұрасына деген құрмет, қазақ прозасына деген сүйіспеншілік.
Фархат Құрманов, қазылар алқасының мүшесі:
Сайыс өзінің алдына қойған мақсатына жетті деп ойлаймын. Неге десеңіздер, бұл тек қана жастарға емес, жалпы осы қазақ халқына, қазақ жастарына тек ана бір үлкен серпіліс берді деп ойлаймын.
Жас қаламгерлердің еңбектерін саралаған қазылар алқасы үздіктерін анықтап, арнайы марапаттар табыс етті. Бұл тек жүлде үлестіру рәсімі ғана емес, жаңа буын қаламгерлері үшін үлкен шабыт алаңы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай әдеби байқауларды өткізу – аса қажет дүние. Өйткені, біріншіден, Қалихан Ысқақ сынды қабырғалы қаламгерлердің мұрасын жас ұрпаққа насихаттап, оның еңбегіне деген құрметті арттырса, екіншіден, жаңа толқын жазушылардың шығармашылық ізденісін шыңдайды. Әдебиетке жаңа келген жастардың қолына қалам ұстатып, олардың ой-пікірін биіктете түседі.
Кәмшат Әбілғазықызы, сайысқа қатысушы:
Кейіпкер ретінде өзімнің туған анамды алған едім. Енді, байқаудан екінші орын алып жатырмын, өте қуаныштымын.Қалихан Ысқақ деген өзіміздің жергілікті жазушымыз. Сол кісінің әдебиетін насихаттау бағытында жүріп жатқан әдеби байқау жастарғак үлкен сенім береді болашақтарына, қаламдарына.
Талғатжан Мұхамадиев, Облыстық «Менің Өлкем» газетінің бас редакторы:
Қалихан Ысқақтың 90 жылдық мерейтойына арналған байқауда әділқазы болдық. Енді бұл байқауға сегіз шығарма түсті. Барлығын мұқият, жіті оқып шықтық. Арасында әрқайсысының өзінің жазу стилі бар, қаламы әртүрлі деңгейде. Біреуі қаламын қайрап жүрсе, біреуі енді-енді қадам басып келе жатқаны көрініп тұр осы жазушылыққа.
Жазушының 90 жылдық мерейтойына арналған байқау – жас таланттардың қанат қағуына серпін берген тағылымды шара болып есте қалды. Бұл – ұлт руханиятына жасалған құрмет, келер ұрпаққа қалдырылған өнегелі сабақ.
Талант Тұрсынов