Ел Конституциясының қабылдануына 30 жыл толуына орай өңір орталығында облыстық прокуратура және соттың ұйымдастыруымен конференция өтті. «Әділетті қоғам қалыптастырудағы Конституцияның рөлі» деп аталған жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен сот өкілдері, ғалымдар, қоғам белсенділері қатысты.

Ата Заңда адам құқықтары ең басты құндылық ретінде бекітілген. Бұған дейін де ел Президенті «Заң мен тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеу керектігін атап өтті. Яғни әділетті қоғам құрып, құқықтық мәдениетті нығайтуда билік пен қоғам қатар атсалысуы керек. Өңір басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев Конституцияның тәуелсіздік жылдарындағы дамуы мен тұрақтылыққа негіз болғанын мәлім етті.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Ата заңымыздың негізін еліміздің тұтастығы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылығы, заң үстемдігі және демократиялық қағидаттар құрайды. Бұл құндылықтар уақыт сынынан өтіп, мемлекетіміздің даму бағытындағы айқындап қана қоймай, халықтың бірлігі мен елдің тұтастығын қамтамасыз етіп келеді.

Жиынға өңірдегі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары да қатысты. Құқық ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байыркенова соңғы жылдардағы конституциялық реформаларды түсіндіріп өтті. Және олардың саяси жүйеге, азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтуге ықпалына баға берді.

Гүлмира Байыркенова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ заңтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

Біз студенттермен міндетті түрде конституцияны Ата заңы ретінде оның негіңгі ережелерін міндетті түрде оқимыз. Біз студенттерге ол туралы мәлімет береміз. Жалпы айтқанда біздің студенттердің осы ең соңғы конституциялық реформаларға қызығушылығы өте жоғары болды. Себебі ол, конституциялық реформа талай демократиялық институттарды енгізді, сонымен қатар қарапайым Қазақстан Республикасының азаматын құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін жаңадан механизмдер енгізілді.

Әділетті қоғам құруда құқық саласындағы жас мамандардың рөлі орасан зор. Әсіресе заңгерлер мен тергеушілер әділдік жолында ел үмітін арқалап жүр. Жастар атынан заң магистрі Шынар Шотпанова да сөз сөйледі.

Шынар Шотпанова, Өскемен қ. ПБ солжағалау полиция бөлімінің тергеушісі:

Қазақстан Республикасының Конституциясы – әрбір азамат үшін, еліміздің негізгі әрі басты заңы. Өйткені дәл осы Конституцияда заңнамамыздың басты қағидаттары, адам мен азаматтың құқықтары айқын көрсетілген. Тергеу қызметінде күн сайын қылмыстық істерді ашамын. Әрбір іс бойынша азаматтың тағдыры, қылмыстық процестің барлық қатысушыларының болашағы біздің жұмыстың әділдігіне байланысты. Біз істің толық әрі объективті материалдарын жинаймыз. Біздің жұмысымыз – «адам мен адам арасындағы жұмыс». Сол себепті өз ісімізге толықтай беріліп, жауапкершілікпен атқаруымыз қажет.

Жиын барысында құқық қорғау және сот өкілдері Ата заңдағы соңғы өзгертулер мен реформаларға қатысты тың мәлімет берді. Конференция соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, толғандырған сұрақтарға жауап алды.


Дидар Ерболатқызы