Өскеменде алғаш рет «Beauty Fest Oskemen» атты ауқымды фестиваль өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға еліміздің әр өңірінен 150-ден астам қатысушы жиналды. Бұл – сұлулық, денсаулық пен қайырымдылықты тоғыстырған жаңа алаң. Фестивальдің ең маңызды сәті – «Мама ПРО» қорының ерекше балаларын тәрбиелеп отырған аналар қатысқан сән көрсетілімі.
Әйелдер қауымы жиналған алаң бір мезетке сұлулық әлеміне айналды. Бет әрлеу, үй күтімі, психологияға арналған шеберлік сағаттары қатысушылар үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Кеш қонақтары дұрыс тамақтану, табиғи жасару жолдарын үйренді. Бұл – Өскеменде өткен алғашқы жоба. Ұйымдастырушы, үй күтімі жөніндегі маман - Әйгерім Оқасованың айтуынша, шараның мақсаты әйелдерге жан-жақты қолдау көрсету.
Әйгерім Оқасова, шараны ұйымдастырушы:
Бүгінгі іс-шара қала үшін ерекше. Өйткені бірінші рет болып жатыр. Іс шараға 150-ден астам, Астанадан, Шемонаиха, Курчатов қаласынан келіп жатыр. Ең бастысы әйелдерге күтім көрсету, жас болып, әдемі жүру сол үшін осы іс-шараны ұйымдастырдық.
Жиында ерекше назар «Мама Про» қорының аналарын қолдауға аударылды. Олар үшін бұл күн кәсіби мамандардың көмегімен нағыз мерекеге айналды.
Еркежан Ағажаева, «Мама Про» қорының Өскемен қалалық филиалының жетекшісі:
Біз ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдаймыз. Бүгін Beauty Fest-те біздің қордан 10 ана модель ретінде қатысып отыр. Таңертеңнен бастап визажистер, стилистер олардың бейнесін дайындады. Бұл – аналардың рухын көтеру, олардың қаншалықты сұлу, ашық, сенімді екенін көрсету үшін жасалды.
Бала күтімімен үйде отырған аналар бір сәтке сергіп, өмірге деген құлшыныстары арта түсті. Ұйымдастырушылар мен кәсіби мамандардан қолдау тапқан арулар өздерін нағыз ханшайымдай сезінді.
Бақыт Шоматова, «Мама Про» қорының қатысушысы:
Кешке келуіміздің себебі әйелдер киімінің көрсетіліміне қатысамыз. Біздің «Мама Про» қоғамдық фондының директоры Еркежан Ағажаева шақырды. Өте қуанышты болдық.
Назерке Калекперова, әйелдер киім дүкенінің негізін қалаушы:
«Мама про» атты қоғамдық қорының ерекше балалар аналарына көрсетілім ұйымдастырып, оларға сәнді, стильді образ таңдап, көрсетілімде ерекше болсын деп, өзін сәнді сезінсін деп осы шараны ұйымдастырып жатырмыз.
Фестиваль мерекелік көңіл-күйде өтті: қонақтар үшін Түркияға жолдама ойнатылды,шығармашылық сабақтары, жанды дауыстағы әуен ойнап, дастархан жайылды. Ұйымдастырушылар бұл шараның сұлулық пен өзін күту мәдениетін бағалайтын әйелдер үшін жаңа тартылыс орталығына айналатынына сенімді. Кештен түскен қаржының бір бөлігі қайырымдылық бағытына жұмсалмақ.
Қымбат Иманғали