Жергілікті хоккей клубы «Торпедоның» жаңа талисманы пайда болды. Жанкүйерлер арасында өткен байқаудың нәтижесінде клубтың бойтұмары ретінде сілеусін таңдалды. «Казцинк» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылған байқауға өңір тұрғындарынан жүзден астам ұсыныс келіп түскен.

Өскеменде шайбалы хоккейден Қазақстан Кубогы басталды. Дәстүрлі турнирдің алғашқы ойыны Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтті. Биылғы жарысқа еліміздің әр өңірінен сегіз команда қатысуда. Алғашқы кездесуде өскемендік «Торпедо» мен «Ақтөбе» командасы айдынға шықты. Бұл жолғы жарыстың ерекшелігі алаң иелері «Торпедо» командасы бойтұмарының анықталу сәті болды. Қазылар алқасы ұсыныстардың ішінен үздік он эскизді іріктеп алған, ал соңғы шешімді жанкүйерлер дауыс беру арқылы таңдады. Онлайн-дауыс беруде ең көп қолдау тапқан нұсқа – сілеусін.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры:

Биылғы маусымда «Торпедоның» жанкүйерлері арасында талисманды жаңарту туралы ұсыныс көтерілді. Клуб бұл бастаманы қолдап, байқау жариялады. Нәтижесінде 100-ден астам әртүрлі нұсқа келіп түсті – табиғи бейнелерден бастап қиял-ғажайып кейіпкерлерге дейін. Соның ішінде ең танымал үш нұсқа анықталды. Бүгін жанкүйерлердің дауысымен жеңімпаздар марапатталды. Енді кәсіби дизайнерлердің қатысуымен соңғы бейне дайындалып, жанкүйерлерге таныстырылады.

Байқаудың бірінші және екінші орын иегерлері iPhone 16 мен сүйікті командаларының алдағы маусымдағы ойындарына абонементке ие болды. Үшінші орынға клубтың фирмалық киімі мен маусымдық абонемент табыс етілді. Бұл байқау ойыншылар мен жанкүйерлер үшін маңызды оқиғаға айналды.

Ксения Бухрякова, байқауға қатысушы:

Сілеусін біздің өңірді мекендейтін жануар. Сондықтан команданың талисманы ретінде таңдау қисынды болады деп ойладым. Идея тез келді. Шынымды айтсам, жеңемін деп ойлаған жоқпын. Қуаныштымын, сүйікті командамның тарихына аз да болса үлес қосқаныма. Алғашында суретті фломастермен қағазға салып, кейін электронды нұсқасын дайындадым.

Алена Белан, байқауға қатысушы:

Мен байқауда екінші орын алдым. Шынымды айтсам, мұндай нәтиже күтпедім. Әсіресе iPhone жүлдесін тек бірінші орын иегері алады деп ойлағанмын. Өте қуаныштымын!

Элеонора Кривинкова, байқауға қатысушы:

Менің де кейіпкерім сілеусін. Себебі бұл жойқын күш пен ішкі рухтың мықтылығын көрсетеді. Біздің командаға да тек қана сәттілік тілеймін!

«Торпедо» жаңа бойтұмарымен алғаш рет қыркүйек айында, 2025-2026 жылғы маусымның Қазақстан чемпионаты аясында айдынға шығады. Қазақстан кубогының жартылай финалы 28 тамызда, ал финал 29 тамызда Қарағанды қаласында өтеді. Өскеменде басталған дүбірлі дода әлі талай тартысты ойындармен есте қалмақ.


Қымбат Иманғали