Сергей Мирошниченко ширек ғасыр бойы кеме тізгінінде. Кейіпкеріміз әке жолын жалғап қана қоймай, кәсібіне адалдығымен де дараланып келеді. Еңбек адамы жайлы келесі сюжеттен көрелік.

Сергей Мирошниченко – әке ізімен кеме жүргізген, оның дәстүрін сабақтастырған капитан. Еңбек жолы 25 жыл бұрын басқарушы-моторист қызметінен басталған. Ал су үстіндегі өмірге деген сүйіспеншілігі бала кезден қалыптасыпты. Бала Сергей әкесімен бірге штурвалда отырып, кеме тізгіншісінің өмірін көзбен көріп өскен. Өзен капитаны – су көлігіндегі ең жауапты мамандардың бірі. Ол – тек штурвал тізгіндеуші ғана емес, ұжымды соңынан ертетін көшбасшы.

Сергей Мирошниченко, «ЗВЕЗДА» теплоходының капитаны:

Мен – кеме жүргізуші болғандықтан, жауапкершілігім – жолаушылардың қауіпсіздігі, экипаждың амандығы және тікелей кеменің қауіпсіздігі. Құрал-саймандардың көрсеткішін қадағалап, жолдағы жағдайға көз жүгіртіп отыру қажет: солға, оңға, артқа қарап, кеменің инерциясын сезініп, кез келген күтпеген жағдайға дайын болуым шарт.

Әрбір сапар мұқият дайындықтан басталады: мамандар қозғалтқыштың жағдайын, май деңгейін, техникалық жүйелерді тексереді. Барлығы дұрыс болғанда ғана кеме дабыл беріп, жолға шығады.

Капитанымыз әріптестері арасында зор құрметке ие. Көп жылдық тәжірибесін жастармен бөлісіп, болашақ мамандарға сабақ беріп, тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Максим Карп, «ЗВЕЗДА» теплоходының моторист-басқарушысы:

Сергей Степанович ақылды, кішіпейіл адам. Биыл 3–4 айдан бері бірге жұмыс істеп келемін. Ол ұстаз ретінде сабақ береді, мен одан көп нәрсені үйренуге тырысамын.

«Звезда» теплоходының жолаушылары қатарында еліміздің әр түкпірінен келген қонақтар бар. Олардың көбісі үшін су үстіндегі сапар – шығыс өңірінің сұлулығына тамсанып, табиғат аясында тынығудың таптырмас мүмкіндігі.

Михаил Ярославцев, демалушы:

Біз әйеліммен Павлодардан Өскеменге келдік. Бүгін демалып, су қоймасындағы теплоходпен серуендеп жүрміз. Табиғатта болу, таза ауада демалу, тауларды тамашалау бізге қатты ұнайды. Осы сапар үшін теплоходтың экипажына алғысымызды айтамыз.

Екатерина Ярославцева, демалушы:

Осындай ауа райында су бетінде серуендеу – ең дұрыс шешім. Теңізде қатты басым айналатын, бірақ мұнда ондай сезім жоқ.

Капитандық – бұл жай ғана кәсіп емес, тұтас өмір салты. Мұнда қателікке жол жоқ, бірақ көкірекке от сыйлайтын ерекше бір сезім бар: алға жетелейтін қозғалыс, соққан самал жел, шексіз көкжиек.


ТАЛАНТ ТҰРСЫНОВ