Жылу – елдің ең басты тіршілігі. Қысқа қам жасау – уақыт талабы. Қазіргі таңда Марқакөл ауылында жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, ескі қазандықтардың орнына жаңа технологиялар орнатылып жатыр.
Марқакөл ауылында орналасқан жылу қазандығы – жергілікті тұрғындардың тұрмысындағы ең маңызды кешен. Қыстың қақаған аязында денсаулық нысанын және бірнеше тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін орталыққа биыл үлкен өзгеріс енді. 2025–2026 жылдың жылу маусымына дайындық аясында қазандық толық жаңартылып отыр. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 43 миллион теңге бөлінген. Қаржының арқасында екі қазандық толықтай ауыстырылып, жаңасы орнатылды. Бұдан бөлек, қосалқы бөлшектер жаңартылып, қосымша жабдықтар жеткізілді. Жаңа қазандықтың жылу өндіру қуаттылығы – 0,5 гигакалория/сағат. Бұл белгіленген барлық әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Думан Ырғаев, Марқакөл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
2025-2026 жылдары от жағу маусымына дайындық аясында аталған жылу қазандығына жергілікті бюджеттен 43 миллион ақша бөлінді. Оның аясында екі жылу қазандығы ауыстырылып,бір жылу қазандығы жаңадан алып келінді. Ішкі жұмыстардың бәрі жұмыстар аяқталды.
Жаңғырту жұмыстары бүгінде аяқталуға жақын. Құрылыс кезеңдерінің негізгі бөлігі толығымен бітіп, тек мұржаны ауыстыру ғана қалған. Бұл жұмыс 10 қыркүйекке дейін атқарылады деп жоспарланып отыр. Соңғы дайындықтар тәмамдалған соң, алдағы маусымға сақадай сай болмақ. Қазандықтардың жаңаруы ауыл жұрты үшін үлкен жеңілдік. Бұрын жиі істен шығып, күтімге көп қаржы талап ететін ескі жабдықтардың орнына енді сенімді әрі үнемді технология келді. Ол аз отын жұмсай отырып, жоғары жылу өндіреді және ақаусыз ұзақ қызмет етуге бейімделген. Бұл – тұрғындарға сапалы жылу, мемлекет үшін – халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы нақты қадам.
Болат Машақов, аудандық аурухананың шаруашылық меңгерушісі:
Больницаның енді жағдайына, жылу жайына келсек бір бөлігін ауыстырған, 20-22 жылдары ауыстырған. Батареяны ауыстыру үшін Күршім жақтан бізге сол жақтан бұйрық шешу керек.Солар шешу керек, бөлініп. Материал бәрі сол жақтан негізі бөлінеді.
Шаруасын күйттеген халық үшін жылудың үздіксіз берілуі – жайлылық қана емес, қауіпсіздік кепілі. Қарапайым ауылдың тіршілігіне қуат беріп тұрған қазандық жұмысы – мемлекет қамқорлығы мен еңбек адамының маңдай терінің нәтижесі әрі елді мекеннің әлеуметтік жағдайын көтеретін маңызды қадам. Осылайша ел игілігіне салынған әрбір инвестиция болашақтың берік негізіне айналып отыр. Қарапайым ауылдың алдағы тыныс-тіршілігі осындай істерден бастау алады. Бүгінгі еңбек – ертеңгі тұрақтылық.
ТАЛАНТ ТҰРСЫНОВ