Биыл Риддерді жылумен қамтамасыз етуге 6,4 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы шығысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті. Кеншілер қаласына табан тіреген министр әуелі Риддердегі қазандық жұмысымен танысып, ЖЭО қысқы маусымға дайындығын бағамдады.
Министр сапарын ең алдымен «Л-ТВК» қазандығынан бастады. Нысан шамамен 4 мың тұрғынға жылу таратады. Биыл мұндағы №3 және №6 қазандықтар күрделі жөндеуден өткен. Министр мамандармен бірге қондырғының жағдайын, жалақы мен кадр мәселесін талқылады. Жұмысшылардың айтуынша, өзекті мәселенің бірі – ыстық су. Қыста қазандықтарға түсетін жүктеме күшейеді, сондықтан жүйені жаңарту қажет. Жылыту маусымына дайындық – жауапты әрі ауқымды іс. Бүгінде қазандықтағы қондырғылар түгел дерлік тексерілген. Мақсат – қысқа сақадай сай дайын болу. Жөндеу жұмыстарында басты назар жылу алмастырғыштар мен құбырларға және түрлі құрылғыларға бөлінген. Сондай-ақ көмір қоймалары, күл шығару жүйелері және қазандықтардың шатырларын жөндеу қолға алынған. Жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланған.
Николай Лубнин, «SHNET» ЖШС бас инженері:
Жылыту маусымына дейін №3 және №6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргіздік. №1, №4, №5 қазандықтарға профилактикалық тазалау жасалды. №1 – жаңа қазандық, 2022 жылы іске қосылған. 4-ші және 5-шілер былтыр жөнделген. Күл шығару жүйелерінің металл конструкциясы ауыстырылып, бірқатар құрылғылар ағымдағы жөндеуден өтті. Қондырғы толық тексерілді. Қазір көмір қоймасының ғимаратын және қазандықтың шатырын жөндеп жатырмыз.
Қазандықтағы негізгі жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін аяқталады деген жоспар бар. Нысан шаһардағы екінші және төртінші шағын ауданға, сондай-ақ Тишинск кенішінің өндірістік алаңына жылу таратады. Кейін министр Риддердегі негізгі қуат көзі - ЖЭО-да болды. Нысанда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүруде. Ғимарат жөнделіп, жылу желілері жаңартылуда, отын жеткізу және желдеткіш жүйелері ауыстырылып, автоматтандырылған қондырғылар орнатылуда. Мұның бәрі жылу орталығының сапасын арттыруға бағытталған. Қысы қытымыр кеншілер қаласында профилактикалық істерге ерекше мән берілуде. Себеп сол, аязды күні тосыннан келетін апаттың алдын алу.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Негізі жалпы айтқандай келе жатқан жылыту маусымына дайындық өте жоғары деңгейде. 6,4 млрд теңге осы жөндеу жұмыстарына бөілнді. Былай өзіміз көрдік, қорытындысы осы келе жатқан жылыту масумында жақсы деңгейде өтуімізді күтеміз.
Министрдің айтуынша, ауқымды істердің арқасында Риддердің энергетикалық нысандары «қызыл аймақтан» шығып, «сары аймаққа» өткен. Бұл – қысқа дайындық айтарлықтай жақсарғанын білдіреді.
Дидар Ерболатқызы