Тақырыпты жалғастырамыз... Сондай – ақ ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Өскемендегі жылу электр орталықтарымен танысты. Министр мамандарға қысқы кезеңде жылу жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз қызметін қамтамасыз етуді тапсырды. Рет – ретімен сюжеттен көрелік.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов сапарын Қабанбай батыр көшесіндегі жылу желісінің жөндеу жұмыстарын тексеруден бастады. Ұзындығы 533 м асатын, диаметрі 219 мм құбырды ауыстыру осы айдың соңына дейін аяқталмақ. Бұдан бөлек, Өскемен жылу электр орталығының жұмысымен де танысты. Қаладағы жылудың негізгі бөлігі осы станциядан беріледі. Биыл кәсіпорынды жөндеу мен жаңғыртуға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қазандықтар мен құбырлар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

Нұрлан Ахметжанов, «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры:

Біз жабдықтарды да жаңартуды көздеп отырмыз. Олардың ішінде әсіресе ажыратқыштар бар. Бұған қоса, жаңа турбина орнатылып, жаңа трансформатор іске қосылады және желіге байланыстырылатын болады.

Бұдан кейін министр Согра жылу электр орталығында болды. 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан станцияда бүгінде 240-тан астам адам еңбек етеді. Қазіргі уақытта мұнда қазандықтар мен турбиналарға кезең-кезеңімен жөндеу жүргізілуде.

Кирилл Миронов, «Согра ЖЭО» ЖШС бас инженері:

Согра жылу электр орталығында құбырларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған істің көп бөлігі орындалған. Қазір жылыту маусымына дайындық аясында жылу жүктемесіне арналған қазандарға күрделі жөндеу жасалуда. Мақсат - алдағы қысқы кезеңде халықты үздіксіз әрі сенімді жылумен қамтамасыз ету.

Облыстағы үш ірі жылу электр орталығының дайындығы бүгінде 74,7 пайызды құрап отыр. Ал турбиналардың әзірлігі 89 пайызға жеткен. Қысқы маусымға 365 мың тоннадан астам көмір қоры жиналды. Бұдан бөлек, өңірде 53 шақырымнан астам жылу желісі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.


БЕКАРЫС СЕКЕН