Oskemen Hub базасында кезекті CodeMasters Hackathon 3.0 сайыстары басталды. Осы жолы IT мамандар жергілікті кәсіпкерлерге арналған мобильді қосымшаны әзірлейтін болады. Хакатон он күнге жалғасып, қатысушылар техникалық тапсырмалар негізінде өз идеяларын жүзеге асырады. Жоба нәтижесінде аймақ кәсіпкеріне тиімді, ал тұтынушыларға ыңғайлы жаңа сервис ұсынылмақ.
Хакатонның алғашқы күнінде қатысушыларға техникалық тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта олар өз идеяларын жүзеге асырып, жаңа мобильді қосымшаның алғашқы нұсқасын ұсынуы тиіс. Бұл жолы өңірдің IT жастарына тағам жеткізуге арналған жаңа платформа жасау жүктелді. Ол сайт пен мобильді қосымшада қатар жұмыс істейтін ортақ жүйе. Жобаның басты артықшылығы – агрегаторсыз тікелей клиентпен байланыс орнататын платформа болмақ.
Дидар Мұратұлы, Oskemen IT-Hub жетекшісі:
Ол біздің хабтағы үшінші іс-шара болып табылады. CodeMasters Hackathon дегеніміз ШҚО бойынша ең мықты жастарды жинау. ШҚО бойынша 40 ең мықты жастарымызды жинап алдық. Олар 10 күн көлемінде өздерінің жобаларын әзірлейтін болады.
Жоба жүзеге асса қолданушы мәзірді қарап, тапсырыс беріп, жеңілдікке қол жеткізе алады, – дейді бас демеуші Бауыржан Төлебаев.
Бауыржан Төлебаев, кәсіпкер:
Oskemen Hub-пен бірлесе осы хакатонды өткізуді жөн көрдік. Бұл екі тарапқа да тиімді болмақ. Бір жағынан жас мамандар үшін бұл өз біліктіліктерін арттыруға үлкен мүмкіндік болса біз үшін дайын мабильді қосымша. Ал тұтынушылар үшін ыңғайлы сервистің үлгісі болмақ. Жастардан көп үміт күтеміз.
Хакатонға қатысушылардың арасында тәжірибелі жастар да бар. Олар осыған дейінгі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орын алған Llamas командасы. Жас мамандар биыл да жеңіске жетуді мақсат еткен.
Темірлан Өміралинов, сайысқа қатысушы:
CodeMasters Hackathon-ға екінші рет қатысып отырмын. Алдыңғысында бірінші орын алған болатынмын. Тура солай болады деп ойлаймын осы хакатонда. Өзім осы хакатон туралы телеграм канал арқылы білдім. Өзіме жеңіс тілеймін.
Хакатон аймақтағы IT саласын дамытуға серпін бермек. Мұндай бастамалар жас мамандардың тәжірибе жинап қана қоймай, өз жобаларын іске асыруына жол ашады.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ