Аймақта орман өрттерінің алдын алу шаралары күшейтіліп, бақылау қатаңдатылған. Жаңа техникалар сатып алынып, дрондар мен әуеден патрульдеу жүйесі ұйымдастырылған. Орман қорын тілсіз жаудан қорғау үшін мыңнан астам маман мен техника тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров мәлімдеді.

Жыл басынан бері аймақтағы мемлекеттік орман қорында 14 өрт тіркелген. Жалпы аумақ — 192 гектардан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, дейді мамандар. Ең ірі өрт Зайсан ауданында орын алған. Мұнда тілсіз жау 172 гектардан астам жерді шарпыған. Бұдан бөлек, Асубұлақ, Марқакөл, Өскемен, Самар орман шаруашылықтарында да өрт оқиғалары тіркелген. Осы орайда мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Мерхат Әміров, ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Орман қорында әуеден патрульдік бақылау қамтамасыз етілді. Бізде 4 тікұшақпен 556 ұшу сағаты қарастырған. 29 тонна дизель отыны және 48 тонна бензин көлемінде жанар-жағармай қоры қалыптастырылды. 1181 адам жеке құрам, 196 техника бірлігі, 3 мыңнан астам құрал-жабдық, 6 дрон бар. тағы 26-сы сатып алу сатысында. Биыл жылдың аяғына дейін 26 дронды сатып аламыз.

Орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасы жыл сайын нығайып келеді. Соңғы жеті жылда 2 миллиард 162 миллион теңгеге 14 өрт сөндіру машинасы, 37 трактор, 40 шағын өрт сөндіру кешені мен 16 патрульдік көлік алынған. Биыл тағы 3,9 миллиард теңгеге 110 техника сатып алу жоспарланған. Орман күзетінің 129 қызметкері арнайы оқытудан өткен. Қазіргі уақытта орманды алқаптарда тәулік бойы кезекшілік атқарылуда.


Нұртас Қайролдаев